«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкер көгал шабатын робот ойлап тапты

2019 жылғы 13 Тамыз
- Павлодар облысы
3431 просмотров

Жеке кәсіп ашу үшін ауыл тұрғынына мектептегі жұмысынан кетуге тура келді

Павлодар ауданы Розовка ауылындағы орта мектепте физика, информатика пәндерінен сабақ беретін Денис Ильков осыдан екі жыл бұрын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау» жобасы аясында кәсіп жүргізудің қыр-сырын үйренді. Мұғалімнің жеке бизнес ашуына ауылдағы балалардың қызығушылығы түрткі болыпты.

 «Мектептерде робототехника пәні 5-сыныптан бастап өтеді. Десе де, бастауыш сынып оқушылары тарапынан да техникаларды құрастырып, жинауға қызығушылықтың зор екенін байқадым. Сөйтіп, оларға арнайы курстар ұйымдастыру үшін кәсіп ашқан жөн деп шештім. Кәсіпкерлер палатасы бизнесті жүргізудің тетіктерін үйретіп, жобамды сәтті қорғап шықтым. Нәтижесінде 240 500 теңге көлемінде грантқа ие болып, оған робот жасауға қажет 2 жиынтық, 2 ноутбук алдым», – дейді Денис Ильков.

 Жоба үйлестірушісі Гүлдірайхан Қалышбекова бұл жобаның әлеуметтік маңыздылығына тоқталды.

«Жаһандану заманында балалардың кітаптан гөрі техникаға қызығатыны белгілі. Денистің жобасы балалардың қарым-қабілетін дамытуға ғана емес, олардың бос уақытын қамтуға да бағытталған. Ол өз жобасын тиянақты дайындап, жауапкершілік танытты. Тағы бір ерекшелік – робототехникаға қатысты жоба Павлодар ауданында бұған дейін болған емес», – дейді Гүлдірайхан Қалышбекова.

Бірақ ұстаздың «ауыл балаларына робот жасауды үйретемін» деген ынтасы көпке созылмады. Кәсіпкердің айтуынша, басты себеп – бастауыш сынып оқушылары тарапынан әуелдегідей қызығушылықтың байқалмауы және ата-аналардың ақылы үйірмелерді төлеуге дайын болмауы. Сондықтан Денис Ильков Розовка ауылындағы қызметінен шығып, Павлодар қаласына қоныс аударды. Қазіргі уақытта облыс орталығындағы №4 мектепте робототехника үйірмесін өткізеді және қала балаларына арналған оқу орталығын басқарады. 

«Аз уақыттың ішінде оқушыларым бірқатар жетістікке жетті. Мәселен, World Robot Olimpіad байқауында шәкірттерім үздік атанды. Балалармен бірге көгал шабатын робот ойлап таптық. Оған көп қаржы жұмсаудың да қажеті болмады. Істен шыққан, ескі электромобильдердің бөлшектерін алып, оған басқа техникалардан қалған жабдықтар қосып, кәдімгі роботты дайындадық. Шетелде мұндай робот 1500 АҚШ долларына дейін бағаланады. Ал біз оны 300-400 АҚШ долларына сатуға әзірміз. Жалпы, роботтардың үлгісін жасаумен шектеліп қалмай, өндіріске көшкіміз келеді», – дейді кәсіпкер.

Алайда бұған қаржының аздығы қолбайлау болып отыр. Денис Ильковтың оқу орталығында бір топта 7 балаға дейін робот жасауды үйренеді. Бір айлық курстың бағасы – 15 мың теңге. Түскен пайда ғимаратты жалдау ақысына және қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалады. Мәселен, бір легоның орташа бағасы – 200 мың теңге. Осындай шығындар болғандықтан, кәсіпті одан әрі дамыту қиындық тудырады.

«Мемлекет қолдау білдіріп, кәсіп ашуыма көмектесті. Ол үшін ризамын. Бірақ робототехника саласына қосымша қаржылай қолдау көрсетілмейді. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры бірқатар бағдарламаға қатысып, несие алуды ұсынды. Әйтсе де қаржы институттарынан қарыз алу үшін міндетті түрде кепілзат керек. Ал менде жылжымайтын мүлік жоқ. Сондықтан пайыздық мөлшерлемесі жоғары тұтынушылық несие алып, кәсібімді дөңгелетуге тура келіп отыр», –- дейді Денис Ильков.

Соған қарамастан кәсіпкердің алға қойған межесі биік. Роботтардың бағдарламасын жазып, қозғалтқыштарын орнатумен шектеліп қалмай, күнделікті тұрмыста, өндірісте қажет түрлерін ойластырып, оны сатылымға шығаруды көздейді. Ол үшін қыруар қаражат қажет.

Дереккөз: https://inbusiness.kz



 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер