«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Нарыққа жүргізілген зерттеу сұранысты анықтады

2019 жылғы 11 Ақпан
- Павлодар облысы
9780 просмотров

Тауық грилі және бала бағу қызметі: павлодарлық бизнес ханым «Бастау» жобасынан алған грантты игеруде

Красноармейск ауылының тұрғыны, заңгер, екі баланың анасы Торғын Әлімбева бизнестегі алғашқы қадамдарын жасауда. Келіншек өзі үшін жаңа бағыт – тауық грилін әзірлеуді бастады. Кәсіпкер тамақтану саласындағы қызметті енді қолға алғанмен, сатып алушылардың жылы лебізін алып жатыр.

 «Бастапқыда  ауыл балаларына арнап тәтті мақта және попкорн дайындаймын деп ойлағам. Бұл менің бизнестегі бірінші тәжірибем. Сондықтан кәсіпкерлік негіздеріне оқып алсам деп шештім», – деді Торғын.

 Оқу барысында бизнес-тренермен бірге Торғын Әлімбаева туған өлке Красноармейскіде не жетіспейтінін анықтау мақсатында маркетингтік талдау жүргізді. Жүргізілген талдау тәтті мақта өндірісі бойынша жоба өтімсіз болатынын көрсетті. Сондықтан кәсіпкер келіншек өзі сияқты аналардың мәселелерін зерттеуге кірісті.

 

 «Ауыл тұрғындарымен сөйлесе келе балабақша аналардың көңілінен шықпайтынын анықтадым. Бұған қоса көп ата-ана қалада жұмыс істейді, демек балаларды мектеп немесе балабақшадан уақытында алып кете алмайды. Осылайша менде   «бір сағаттық күтуші» идеясы пайда болды», – деді кәсіпкер.

 Бұл идеяны Торғын Әлімбаева кейінге қалдырып, аздан: тауық грилі өндірісінен бастауды шешті. Ауылда бұл бизнестің баламасы жоқ, сонымен қатар Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша берілген грант та кәдеге асты. Алынған қаражатқа кәсіпкер қажетті жабдық алып, кәсібін бастап кетті.

Бірінші клиенттер жақындар, туыстардан құралды. Ары қарай біреуден біреу естіп, клиенттер саны артып келеді.  

 «Бастау» жобасы маған жаңа бағдарды белгіледі, қоғамға, туған ауылда керек болуды үйретті, осы ретте ұнайтын кәсіпті дөңгелетуді үйретті. Мектепке дейінгі балалары бар ана ретінде маған балаларымның қасында болу маңызды. Бұған қоса өзіме ұнайтын істі дөңгелетіп отырмын. Тауық гриліне деген сұраныс қысы-жазы бар, ал отқа қақталған тауықтың хош иісі мен тіл үйірер  дәмі тәбетті оятады», – деді бастауыш кәсіпкер.

 «Атамекен» ӨКП филиалының директоры Әнуар Қалышбековтың айтуынша, 2018 жылы «Бастау» жобасы бойынша 150 адам оқып,  75 адам қаржыландыруға қол жеткізген, оның ішінде 63 жоба грант алып, 12 тыңдаушы несие алды, жалпы 75 жоба ашылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер