«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Экспорттаушыларға арналған жеңілдік: тауарлардың шығарылған жерін растайтын сертификаттар өңірлерде беріледі

2018 жылғы 30 Наурыз
7671 просмотров

Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингінде Қазақстанның көрсеткішін жақсарту ­– мемлекет алдына қойған маңызды міндеттердің бірі. Бұл Елбасының елімізді дүниежүзінің 30 дамыған елінің қатарына қосу тапсырмасынан туындаған.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Елбасы Жолдауын орындай отырып, Үкіметпен бірлесіп, халықаралық нарықта отандық тауардың экспортын өрістету құралдарын дамытуға, сонымен қатар, іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында бизнестің құқығы мен мүддесін қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту, отандық тауар экспортын жеңілдетуге қатысты жүйелі жұмыс атқарып келеді.

Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингінде  «Халықаралық сауда» индикаторы бойынша Қазақстанның көрсеткішін жақсарту үшін бірқатар реформалар жүзеге асырылды. Аталған индиктор бизнес-ахуалды жақсарту үшін қабылданатын реформаларға және экспорт-импорт процедураларының құнына баға береді.

«Қазіргі таңда, Инвестициялар және даму министрлігі мемлекеттік органдармен және Ұлттық палатамен бірлесе, экспортталатын тауарлар үшін тауарлардың шығарылған жеріне сараптама жасаудың міндетті процедурасын алып тастау мәселесін пысықтады», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі Қуаныш Бишімов.

Инвестициялар және даму министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы №155 бұйрығымен бекітілген Тауардың шығарылған елін айқындау, тауардың шығарылуы туралы сертификат беру және оның күшін жою жөніндегі қағидаларына енгізілген өзгерістер 27 наурызда  күшіне енді (2018 жылдың 13 ақпанындағы №103 бұйрық).

Нақтырақ айтқанда,  экспортталатын тауардың шығарылатын жерін растайтын сертификатты алу үшін енді сараптама актісінсіз қажетті құжаттар тізімін жинап, тікелей өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгіну қажет.

Өңірлік палатаның мамандары бұрынғыдай экспорттаушылар ұсынатын құжаттарға сараптама  жүргізуді жалғастырады. Құжаттар заңнамалық ережелердің барлығына сай келген жағдайда сертификат 1 күн ішінде беріледі.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде өңірлердегі мамандар штатының жүктемесі артқандығын түсінеміз. Алайда Ұлттық палатаның тарифтері жоғарыламайды, бұрынғы деңгейде қалады», – деді Қуаныш Бишімов.

Анықтама үшін: Осыған дейін кәсіпкер экспорттау мақсатында қайта өңделген тауардың шығарылатын жері туралы сертификатты алу үшін екі сатылы процестен өтуі қажет еді. Алдымен тауардың шығарылатын мемлекетін анықтайтын 2 күнге созылатын сараптамадан өтеді, одан соң 1 күн рәсімделген сертификатты алуға кететін. Былайша айтқанда, тауарды шетелге экспорттайтын кәсіпкер қосымша шығындарға ұшырап, сапартамадан өтуге уақыт жұмсайтын.

Басқарма төрағасының орынбасары жаһандық цифрландыру дәуірінде кәсіпкерлік үшін қолайлы орта жасау мақсатында Ұлттық палата сертификаттаудың электрондық форматына ауысу үшін сертификаттаудың электрондық жүйесін енгізуге қатысты жұмысты аяқтайтындығын да айтты. 

Электронды форматқа ауысу бизнес субьектілеріне түсетін қосымша жүктемені азайтып, сертификаттаудың барлық рәсімдерін, ақпараттық қауіпсіздікті, сертификат алудың барлық процесінің үйлесімділігі мен тиімділігін бақылауды қамтамасыз етеді.

Сәуір айында тауарлардың шығатын жерін растайтын сертификаттарды рәсімдеудің бизнес-процестерін анықтау үшін пилоттық режимде сертификаттаудың электрондық жүйесін іске қосамыз. Электрондық жүйені тестілеген соң сертификаттауды электронды форматқа ауыстырудың толық масштабты процесі іске қосылады және жүйенің мемлекеттік органдардағы ақпараттық базамен біріктіру жұмысы жүргізіледі.

Қорытындылай келе, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Үкіметтің бірлескен жұмысы тұтастай  отандық өндірушілердің елімізде шығаратын тауарларының әлемдік нарыққа экспортқа шығарылуын өрістетуге және экспорттаушыларға «бір терезе» қағидасымен қолдау көрсетуге бағытталған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер