Алар асулары мол кәсіпкер
Тереңкөлдік жеке кәсіпкер Светлана Кауц қолға алған шаруаны бітірмей тыным таппайтын еңбекқорлығымен ерекшеленеді
Шынайы күлкісі өзіне жарасып тұратын осы бір сымбатты кәсіпкер келіншектің еңбекқорлығының нәтижесі болар, оның есімі бүгінде тек Қашыр ауданына ғана емес, республикаға да таныла бастапты.
Ол жеке кәсібін қарапайым нан пісіріп сатудан бастапты. Ең алғаш рет үйінде кішігірім пеште нан салып, оны велосипедпен жүріп ауыл ішінде сатқанын кейде әлі күнге дейін күліп еске алады.
Светлана Кауцтің қазір жеке кәсібі өрге басып келеді. Оның «Кауц» жеке азық-түлік дүкені мен күйеуі екеу ашқан «Данько» атты жеке шаруа қожалығы бар. Олар дәнді дақылдар өсірумен айналысып жатыр.
Қол жеткізген жетістіктері де жоқ емес. Светлана жеке бизнесімен қатар Қашыр ауданындағы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып келе жатқан іскер кәсіпкерлеріміздің бірі десек артық болмас.
Нәзік жанды жеке кәсіпкердің сауда нүктесінде қазір нан-тоқаштың түр-түрі саудаланады. Сапасы мен бағасы да қолжетімді. Өнім Павлодар қаласы, Железинка ауданына таралып, тіпті көршілес Омбы қаласына да экспортталады. Кәсіпкер жаңа өнім түрін шығаруда жаңаша технологияларды қолданып, жаңа жұмыс орындарын ашуға тырысады. Алдағы уақытта балаларға арналған кафе ашсам деген ойы да бар.
Светлана Кауц – аудандық кәсіпкерлер Палатасы филиалының жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы. Ол өте еңбекқор жан. Кәсіпкерлікті ашуда біраз болсын үлкен тәжірибесі бар Светлана, аудандағы кәсіпкер әйелдермен тығыз байланыста жүріп, олардың толғандырып отырған мәселелерін шешуде үнемі қолдау танытады. Жеке бизнесмен аудандағы түрлі қайырымдылық шараларына да қатысады. Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне үнемі көмек қолын созып, болысады.
Ауданға танымал болған Светлана Кауц бірнеше жыл қатарынан көрме-байқауларға белсенді қатысып, жүлдегер атағына да ие болған. Кәсіпкер бір жерде тұрмай, кәсіби шеберлігін үнемі тереңдетуге зор көңіл бөлуде. Әсіресе, Елбасы айтқандай, «Қазақстанда жасалған» атты отандық тауарларды насихаттауда үлкен жұмыстар атқарып келетінін атап кету керек. Алдында талай арманы бар Светлана Александровна отбасында өнегелі балаларын тәрбиелеп отырған бақытты ана. Жастайынан еңбекпен шыңдалып өскен тереңкөлдік кәсіпкер келіншек алған бетінен қайтпай, қолға алған істі аяғына дейін жеткізеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: