«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Екібастұз Іскер әйелдер кеңесінің жұмысы күшейеді

2018 жылғы 05 Ақпан
- Павлодар облысы
11383 просмотров

Екібастұздың іскер қыз-келіншектері өңірлік Палата алаңында жұмыс қорытындысы шығарып, 2018 жылдың бағыттарын белгілеу үшін бас қосты

Қаладағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлмира Ыдырысова Кеңестің негізгі міндеті – қаладағы қыз-келіншектерді іскерлік ортада күшейту.

«Біздің міндетіміз кәсібін жаңадан бастаған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкер әйелдерге олардың бизнес-бастамаларының жүзеге асуына, жобаларды сүйемелдеуге көмектесу. Мысалы, ауылдағы келіншектерге кәсіп ашуда көмек жиі керек. Қазіргі таңда кәсіпкерлер әйелдердің үлкен үлесі бар әлеуметтік кәсіпкерлік кооператив ашуға бағыт алып отырмыз. Бала күтімінде отырған аналарды бизнеске тарту қажет», – деді Гүлмира Ыдырысова.

Кездесу барасында жас кәсіпкер Виктория Волошинаның «3D BEREZA» жобасына қалай көмектесу керектігі талқыланды. Себебі жас ана –  құлағының дімкәстігінен үшінші топтағы мүгедек. Алайда бұл дерт ағаштан түрлі бұйымдарды жасауға кедергі келтіріп отырған жоқ.

«Виктория Волошинаның жобасы өте қызықты. Болашағы алда екеніне сенемін. Викторияның құлағы дұрыс естімейтіндіктен, тапсырыс алу қиын, сондықтан жобасының дамуына кедергі. Біз бизнеске арналған орын іздестіріп, өнімдерін өткізуге ықпал етуге ниеттіміз», – деп атап өтті Гүлмира Ыдырысова.

Кәсіпкерлер палатасының Екібастұз қаласындағы филиалына 2017 жылы 300-ден аса әйел жүгінген. Оның ішінде 62 қыз-келіншек «Бизнес-Кеңесші» құрауышы арқылы білім алды.

Жеке кәсібін енді қолына алған 16 қыз-келіншек қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, жүк тасымалдау, наубайхананы үлкейту, тігін өндірісі, жылжымайтын мүлікті жалға беру, сауда салаларында кәсіп ашты.

Мұнымен қоса, қоғамдық тамақтандыру саласында бизнес жүргізіп отырған Шолпан Субекова мамандарды оқыту мәселесін көтерді.

«Мейрамхана бизнесінде клиенттерге қызмет көрсету деңгейін арттыру қажет және оның дәрежесі жоғары ұстау керек», – дейді кәсіпкер.

Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері клиенттерге қызмет көрсету сапасын жақсарту керектігімен келісті. Сондықтан елордадан мейрамхана саласының маманын шақырып, кәсіпкерлер мен осы саланың қызметкерлері үшін арнайы шеберлік-сыныбын ұйымдастыруды шешті.

Басқосуда түйткілді мәселелерді талқылап қана қоймай, республикалық «Атамекенім» акциясын қолдайтындықтарын білдірді.

Іскер әйелдердің пікірінше, Әлеуметтік мәселелер реестрі әрбір кәсіпкерге қайырымдылық шарасын дәл қажетті бағытта атқаруға мүмкіндік береді.

«Қайырымдылықпен айналысу әркімнің жеке ісі. Алайда әрбір кәсіпкер өз мүмкіндігіне қарай игі іске үлес қосу керек деп ойлаймын. Әлеуметтік мәселелер реестрінде нақты қандай көмек керек екенін біліп, шамасына қарай жәрдемдесе алады», – деді «Мәди» шаруа қожалығының басшысы Сәуле Қалимова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер