«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қайырымдылық шын жүректен жасалуы керек – Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі

2018 жылғы 03 Қаңтар
- Павлодар облысы
7566 просмотров

«Мирас-ПВ» ЖШС құрылтайшысы, Іскер әйелдер кеңесі мүшесінің айтуынша, көмек көрсетуді міндет деп қарауға немесе салықтың тағы бір түрі ретінде қабылдауға болмайды

Жүзі жылы жанның бизнеспен айналысқанына аз уақыт болған жоқ. Міне 20 жылдан бері ер азаматтарға лайықты деп танылатын саланы табысты басқарып келеді.Фирма құрылыс-монтаж жұмыстарын атқарады.

Сандуғаш Қалижанова осы бизнеске қалай келгенін, табыс кілті мен өміріндегі қайырымыдылықтың алар орны жайында ай бөліскен еді.

– Сандуғаш Қайыргелдинқызы, бизнес жолы қалай басталғаны жайлы бөліссеңіз...

– Кәсіпкерлікпен 1995 жылдан бастап айналыстым. Ол кез қиын болғанын көбі ұмытпаған шығар. Өз ісімізді күрделі кезеңде бастадық, қаншама жолдан өттік. Қиындыққа қарамастан фирма нық тұрды. Тәжірибелі әріптестерім мен жетекшілерімнің қолдауы әсер етті. Жол көрсетудің арқасында 25 жасымда-ақ өз кәсібімнің иесі атандым. Бұл шешімімен ешқашан өкінген емеспін.

– Кәсіпкер ретінде қалыптасқан қазіргі шақта жеке кәсібін енді қолға алғандар үшін қандай кеңес берер едіңіз?

– Бизнесте бедел маңызды. Ең алдымен айналаңдағы адамдармен тіл табысып, оларды өзіңнің артыңнан ілестіре білу, нақтылық пен адалдық керек. Әрбір кәсіпкер – ең алдымен басқарушы. Шағын кәсіпорын болса да басқарып отырсыз. Сондықтан әрбір істе сенімділік, ашықтық, сауаттылық пен әділдік болуы тиіс.

– «Самал» балаларды оңалту орталығы, «Мұрагер» пансионаты, «Алтын Бата» балаларды үйрету орталығымен үнемі байланыстасыз, жыл сайын қаншама қайырымдылық шараларына қатысып келесіз. Сіз үшін қайырымдылық деген не?

– Ең алдымен қайырымдылық шын жүректен жасалуы керек. Ол - жүрек қалауы. Бұған бір міндет немесе салықтың бір түрі деп қарауға болмайды. Компанияны алғаш құрған кезімде де пайда туралы ғана айтқан емеспін. Айналама пайдалы бизнеспен айналысқым келді. Әрбір кәсіпкер мүмкіндігіне қарай өзінің туған өлкесіне, жерлестеріне қол үшын созары анық. Сондықтан Ұлттық палатаның қайырымдылық мәдениетін қалыптастырып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көтеруге бағытталған  «Атамекенім» акциясын толық қолдаймын. Бұл акция Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен тікелей байланысты. Қолдау көрсету мен әлеуметтік жауапкершілік, нақты көмек керек жанға қайырымдылық жасаудың барлығы қамтылған.

– Жыл соңын қорытындылай келгенде оқырмандарға білдірер тілегіңіз...

– Қадірлі достар, баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын! Бұл ең жарқын, жұмбаққа толы, әсерлі де тамаша мереке екенін білеміз. Әрбір адам Жаңа жылға үміт артып, көңілінің түкпіріндегі қалауының орындалатынына сенімді. Сондықтан Жаңа жылда барлық тілектеріңіздің орындалсын. 2018 жыл беркелі, құтты, сәттілікке толы, мейірім мен жетістіктің жылы болсын!

– Әңгімеңізге көп рахмет, сізге де бар жақсылықты тілейміз, мейрам құтты болсын!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер