«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнес–Кеңесші: мүмкіндікті анықтап, жеке кәсіп бастауға сеп

2017 жылғы 25 Сәуір
- Павлодар облысы
6269 просмотров

«Бизнес–Кеңесші» жобасы арқылы жас ана ұлттық тағам дайындайтын кафе ашты

Өз ісін енді бастаған Махаббат Омарова Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауын пайдаланып, жеке кәсібін бастады.

Махаббаттың тамақ пісіруге деген ынтасы бала кезден-ақ басталған, бойжеткен шағында тамақ дайындаудың түрлі тәсілдерін жинақтап, әрбір тағам түріне өз ерекшелігін ойлап тапқанды жаны сүйетін.

Отбасын құрғаннан кейін де аспаздыққа деген қызығушылығы бәсеңдемеді. Тапсырыс қабылдап, түрлі балкүлшелерді пісіріп, шеберлігін шыңдай түсті. Бір дәмін татқан адам оның тұрақты клиентіне айналып, шағын бизнесінің дамуына үлес қосып жатты.

Жақындарының ақылына құлақ асқан Махаббат Омарова сүйікті ісін бизнеске айналдыру үшін Кәсіпкерлер палатасына жүгінген. Палатада «Бизнес-Кеңесші» курсын тәмамдаған Махаббат Омарова кәсіпкерлік шеберлігін игерді.

«Оқу барысында көптеген қызықты мәліметтерді алдым. Шынымды айтсам, осыншалықты танымды болады деп күтпедім. Бизнес-тренер ынталандырғанда, ойың түбегейлі өзгереді. Мұнда болашаққа сеніммен қарауға, бұрын байқамаған мүмкіндіктерді көруге үйретеді. Әрбір тыңдаушының әлеуетін арттырады», ­– деді әсерімен бөліскен Махаббат Омарова.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Қуаныш Досмағұловтың айтуынша, әлеуетті кәсіпкерлер арасында «Бизнес-Кеңесші» курсына деген сұраныс жоғары, себебі ол жеткіліксіз білімнің орнын толтырып, бизнесті қалай жүргізу керектігін үйретіп, маркетинг негіздерін оқытып, адам ресурстарын басқару, заң тетіктерін білуге машықтайды.

«Соңғы уақытта тыңдаушылардың санаты өзгерді. Бұрындары өзіне сенімсіз, немен айналысатынын білмейтін адамдар келсе, қазіргі таңда көпшілігі нақты шешім қабылдап, зор сеніммен келеді және сол бағытта бизнесті дамытуды қалайды», – дейді Қуаныш Досмағұлов.

Бүгінде жас кәсіпкер Махаббат Омарованың кафесінде қазақтың ұлттық тағамы еттің 10 түрі, қуырдақтың 5 түрі ұсынылып отыр. Мұнымен қоса еуропалық ас мәзірі де бар. Ұлттық сусыннан қымыз, шұбат және басқалары беріледі. Сондай-ақ 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер бұл жетістікпен тоқтап қалғысы келмейді. Кәсіпкер бизнесін кеңейткісі келсе, Палата тарапынан барлық қолдау көрсетіледі.

«Өзімнің көңілімнен шығатын істі шынайы кәсіпке айналдырғаныма қуаныштымын. Кәсіпкерлер палатасына көрсеткен қолдауы үшін зор алғысымды білдіремін. Кәсіпкер үшін ең маңыздысы да осы», - дейді Махаббат Омарова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер