«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жаңа жыл баға көтеруге желеу емес

2016 жылғы 27 Желтоқсан
- Павлодар облысы
7938 просмотров

Жаңажылдық мереке – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын көтеруге себеп емес

Бұл туралы облыстың Кәсіпкерлер палатасында өткен брифинг-форум барысында айтылды. Айта кетер жайт, шара Павлодар қаласы кәсіпкерлік бөлімімен бірлесе отырып ұйымдастырылды.

Шараға әлеуметтік дүкендер, базарлар мен ірі сауда желілерінің иелері, тауар өндірушілер мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Тауарларды тауар өндірушілерден тікелей жеткізетін, әлеуметтік дүкендер мен операторлар арасындағы өзара байланыстардың болмауы – отырыс барысында қаралған негізгі мәселелердің бірі болды.

«Қазіргі таңда облыста 39 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп жатыр. Біз өңір нарығына сараптама жасадық. Нәтижесінде, тауарды жекелей сататындар, көтерме саудамен айналысатындар туралы хабарсыз екенін анықтадық. Айта кетерлігі, дүкен иелері мен тұтынушыларға да көтерме саудамен айналысатындармен жұмыс жасау әлдеқайда тиімді емес пе? Осыған орай, біздің мақсатымыз – тауар өндіруші шығаратын өнімді тікелей жекелей сауда желісіне жеткізу жұмыстарын жолға қою болып отыр. Бұл тұрғындардың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін, қолжетімді бағаның сақталуына жол ашады. Әсіресе, бұл бастама Жаңа жыл мерекесі қарсаңында өзекті болып отыр», – деп атап өтті қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Тілеулесов.

Оның айтуынша, аталған мәселеде әлеуметтік дүкен иелері де белсенділік танытпай отыр екен.

«Өңірде көтерме саудамен тиімді баға бойынша тауарлар сата алатын ірі саудагерлер бар. Олар, тіпті, тапсырыс аз түседі деп шағымданып отыр. Тағы да қайталап атап өтейін, сіздерге олармен жұмыс жасау әлдеқайда тиімді болмақ», – деді Руслан Тілеулесов.

Ал, әлеуметтік дүкен иелері, өз кезегінде, тауардың сапасы мен салмағына байланысты шағым айтты. Олардың айтуынша, операторлардың барлығы бірдей сапалы тауар ұсына бермейтін көрінеді. Салдарынан тауар уақтылы сатылмай, дүкен сөрелерінде қалып қоятынға ұқсайды. Өкілетті орган өкілдері, өз кезегінде, аталған мәселені өз бақылауларына алатындықтарын жеткізді. 

Жиында айтылған жағымды жаңалықтардың бірі – әлеуметтік дүкендерді ынталандыруды көздейтін бірқатар шаралардың қолға алынуы болды. Мұндай шаралар қатарында, мәселен, үздік дүкенді таңдау мақсатында өткізілетін байқау немесе жарнама жасауда көрсетілетін қолдау сынды қадамдар бар.

Жалпы, кездесуге қатысушылардың пікірінше, мұндай сұхбат алаңы қажет және оны тұрақты түрде ұйымдастыру керек.

«Біздің мақсатымыз – баға саясатын жасау, сатушылар мен көтерме сауда иелері арасында өзара байланысты орнату. Біз бизнесті әлеуметтік жауапкершілікке шақырамыз және өз тарапымыздан жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз. Десе де бізге кері байланыс керек. Және бүгінгі кездесу, біздің алдағы уақыттағы негізгі бағыттарымызды айқындап берді деген ойдамыз», – деп атап өтті кездесуді ұйымдастырушылар.

Форум қорытындылары бойынша, әлеуметтік дүкен иелері көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлермен өзара байланыс орнатып, бірер күннен кейін алғашқы тауарларды жеткізу ісі де басталып кетпек. Қатысушылар келесі кездесуді жаңа жылдың басына жоспарлап, бұдан да көп қатысушыларды тартамыз деген келісімге келді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер