«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мемлекеттік мекемелер дауынан кәсіпкер зардап шегіп отыр

2016 жылғы 23 Желтоқсан
- Павлодар облысы
5622 просмотров

Тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы басқарма мен департамент өндіріс нысанына қатысты даулы мәселені шеше алмай отыр

Осылайша мәселені Павлодар облысы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің қорытынды отырысында қарауға тура келді.

Мәселенің жай-жапсары келесідей болып отыр. Павлодар қаласында бір жылдан бері «МОНОЛИТ» АЖҚС (автожанармай құю станциясы)  жұмыс жасап келеді. Нысанда құзыретті органдардың қажетті қорытындылары мен нысан қызметіне рұқсат беретін барлық құжаттар бар көрінеді. Алайда,  бір жыл уақыт өткен соң, санитарлық-эпидемиологиялық станция берген қорытынды нәтижелер қайтарып алынған.

«СЭС-тің мұндай шешім қабылдауы прокуратура органдары ұсынған шешімге байланысты болып отыр. Онда НҚА (нормативтік-құқықтық актілер) талабына сай деп танылған қорытындыларды қайта қарау қажеттігі туралы айтылған.  Прокуратура органдарының мұндай шешім шығаруының бірден бір себебі, қалалық тұтынушылар құқығын қорғау органы біздің нысанды қауіптілік көрсеткіші бойынша 5 санатқа және блог-контейнерлік түрдегі АЖҚС-ға жатқызуында болып отыр. Алайда, прокуратура өкілдерінің пікірінше, АЖҚС аталған санатқа жатпайтын көрінеді. Біз – стационарлық нысанбыз. Енді қалалық және облыстық деңгейдегі СЭС бір шешімге келе алмай дал болып отыр. Істің бұлайша өрбуі бұған дейін қабылданған барлық құжаттарды жоққа шығаруы мүмкін. Демек, АЖҚС жұмысына да кедергі келтіруі әбден мүмкін», – деп шағымданды «МОНОЛИТ» АЖҚС өкілі Павел Кадочников.

Кеңес мүшесі, облыс прокурорының орынбасары Қуат Артықбаевтың айтуынша, прокуратура жоғарыдағы талапты қоя отырып, АЖҚС жұмысына кедергі жасауды көздемеген, орган тек нысанға бұған дейін берілген қорытындының сәйкестілігін қайта қарау туралы ғана нұсқау берген.

«Мұндай жағдай орын алмауы тиіс еді. Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті және оған бағынышты орган, яғни, қалалық басқарма мәселені тез арада шешіп, Кеңес отырысы қарауына дейін жеткізбеуі қажет еді. Департамент басқарма берген қорытындыны қайтарып алған соң, сәйкесінше бизнесменге одан кейін орын алатын жағдайлар туралы түсіндіруі керек болатын. Сонда мәселе осылай тығырыққа тірелмейтін- еді», – деп атап өтті Қуат Артықбаев.

Мәселенің Кеңес деңгейінде қаралып, нәтижесінде Департментке өз ішінде алқа жиын өткізіп, бір нақты шешім шығару туралы қарар қабылданды. Егер Департамент қабылдаған шешім қанағаттандырмаған жағдайда, кәсіпкерге сот органдарына жүгіну туралы кеңес берілді.

«Нысанды стационарлы нысанға жатқызу/жатқызбау туралы даулы мәселе шешілмеген күйінде қалды. Себебі, бір салада қызмет ететін екі мемлекеттік орган бір шешімге келе алмай отыр.  Бұдан тек кәсіпкер зардап шегіп отыр және ол өз бизнесіне алаң болып отыр. Онысы түсінікті де. Себебі, нысанды іске қосуға кәсіпкер 200 млн теңге көлемінде қаражат жұмсаған. Ал қазір нысан жұмыс жасап тұрса да, қандай да бір себептермен басқа қорытындыларды қайтарып алатынына ешкім кепіл бере алмайды. Мәселені сот шешімімен шешуге тура келеді», – деді Кеңес төрағасы Нұрлан Нәбиев.

Кәсіпкерлер палатасы, өз кезегінде, кәсіпкерге сот ісі кезінде жан-жақты қолдау көрсететін болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер