«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жерді жалға беру талаптары өзгереді

2016 жылғы 28 Қараша
10560 просмотров

Ауыл шаруашылығы министрлігінде Мәжіліс қарауына желтоқсан айында берілетін заң жобасы әзірленді

Ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу мерзімі енді жалға алушыларлың бизнес-жоспарына байланысты болады. Мұндай ереже Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген заң жобасында қарастырылған. «Егер бұрын ауыл шаруашылығы жерлері бизнес-жоспардың болу-болмауына немесе жалға алушы осы жерлерді қандай мақсатта пайдаланатынына қарамастан  жалға берілетін болса, енді біз әуелі бизнес-жоспар талап ететін боламыз. Осылайша, алдымен бизнес-жоспармен танысамыз, сосын осы жоспарға енгізілген инвестициялық бағдарламаларға байланысты жалға берілетін уақытты белгілейтін боламыз», – деп мәлімдеді Мәжілісте өткен кезекті отырыста Премьер-министрдің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов.

Асқар Мырзахметов «Бұған дейінгі заң бойынша ауыл шаруашылығы жерлері бизнес-жоспарға және оның өзін өзі ақтау мерзіміне қарамастан, 49 жылға жалға беріліп келгендігін» еске салды.

«Енді бұлай болмайды. Алдымен, белгілі бір мерзім беріледі, сосын байқау комиссиясы мақұлдаған бизнес-жоспар мониторингтен өтетін болады. Сосын бизнес-жоспардың өміршеңдігіне қарай, жерді жалға беру мерзімін ұзарту қарастырылады», – деді вице-премьер.

Сонымен қатар, заң жобасындағы ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алушыларға іріктеу жүргізетін комиссия мүшелерін таңдау ережелерін өзгерту туралы ұсыныс та қаралды. «Біріншіден, байқау комиссиясы құрамындағы қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың үлесі міндетті түрде 50%-дан кем болмау керек», - деді Асқар Мырзахметов.

Бұдан бөлек, мүдделі жалға алушылар арасында өткізілетін байқау жайлы ақпарат тек аудандық БАҚ бетінде ғана емес, сондай-ақ, облыстық масс-медиада және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі сайтында жарияланбақ. «Бұл қатысушыларды барынша көп қамту үшін қолға алынып отыр», – деп хабарлады Асқар Мырзахметов.

Ауыл шаруашылығы министрінің мәліметінше, заң жобасы бүгінде «соңғы рет пысықталып жатыр». Заң жобасы Мәжіліс қарауына биыл желтоқсан айында беріледі деп жоспарланып отыр.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер