«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнеске кім кедергі болуда?

2016 жылғы 22 Қараша
- Павлодар облысы
5875 просмотров

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысында бірқатар өзекті мәселелер қаралды

Мысалы, Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жанар-жағармай сатумен айналысатын кәсіпкерлерден өтініштер келіп түскен. Олардың көпшілігі өңірдегі ЖЖМ нарығының жабықтығына, мұнай өнімдері нарығының еркін түрде қолжетімді болмауына наразы. Оның себебі – мұнай өнімдерін үлестірудің өңірлік операторларын анықтайтын, жергілікті атқарушы орган жанындағы арнайы комиссияның болмауынан дейді мамандар.

«Мәселен, 2016 жылдың тамыз айында ҚР Үкіметінің Қаулысымен «Мемлекеттік деңгейде бағаларды реттеу міндеті жүктелген, мұнай өнімдерін үлестіру бойынша өңірлік операторларды анықтау шарттары мен ережелері» бекітілген. Ол өз күшіне 20 қыркүйекте енді. Ережелерде жергілікті атқарушы органдар жанынан арнайы комиссия құру қарастырылған. Алайда, екі ай өтті, комиссия әлі өз жұмысын бастаған жоқ», – деді Облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Лашын Баймағамбетова.

Палата сарапшылары, аталған деректі әкімшілік кедергі ретінде қарап, комиссия құру жұмысын жандандыру мақсатында, мәселені Кеңес қарауына ұсынған.

Жергілікті атқарушы орган өкілі, комиссияны құру жөнінде жұмыстар қолға алынып жатқандығын жеткізді. Оны құруға нормативтік-құқықтық актінің болмауы кедергі болған екен. Енді 23 қарашадан бастап, кәсіпкерлерден құжаттар қабылдау жұмысы басталмақ.

Кеңесте қаралған тағы бір мәселе, бірнеше жылдар бойы, құрылыс нысаны жұмысын аяқтай алмай келе жатқан павлодарлық кәсіпкерлердің мәселесі болды. Барлық рұқсат беру құжаттары кәсіпкерде болғанымен, бизнесменге бұған дейін берілген, құрылыс нысанының эскиздік жобасын қайта сұратып жатыр екен. 

Павлодар қаласы прокуратурасы мен сәулет бөлімі бұған қатысты, нысанды салушы құрылысты тиянақты жоспарламағандықтан, қызыл жолақтарды ауыстыруға қатысты талаптарды орындамағандықтан осындай мәселе туындап отыр дейді.  

Кәсіпкерлер палатасы сарапшылары бизнесменде нақты жоспарлау жоспарының бар екендігін, тіпті, құжат мемлекеттік сараптамадан өткенін анықтаған. Сонымен қатар, кәсіпкер құрылыс нысаны шекараларын реттеу үшін қолданылатын қызыл жолақтарды ауыстыруға қатысты барлық талаптарды да орындапты.

«Біз осы жобаға қыруар қаржы жұмсадық. Сондықтан мәселені соңына дейін жеткізу біз үшін маңызды болып отыр. Барлық құжаттар қолда бар, барлық кезеңдерден өттік, олардың бәрі біздің пайдамызға шешілгенін де айта кетейін. Бірақ әлі күнге дейін, құрылыс салудың бастапқы кезеңіндеміз. Одан әрі ілгері қадам баса алмай отырған жайымыз бар, себебі барлық жерде кедергілер орын алуда», – деп шағымданды кәсіпкер.

Өкілетті органдар болса, кәсіпкердің бұған қатысты шағым түсірмегенін алға тартып отыр.

Кеңес отырысына төарағалық еткен Илья Теренченко, мәселені егжей-тегжейлі зерттеу қажеттігін, мәселе Кеңес мүшелерінің жіті қадағалауында болатынын нығарлады.

«Мәселе күрделі және кәсіпкер құқығына қатысты болып отыр. Бизнесменнің жағдайы мүшкіл және әлі күнге дейін шығынға батып отыр. Мұның бәрін ескеру керек. Талқылау барысында, екі рет қала құрылысы кеңесі өткендігі туралы айтылды. Қажет болса, қатысушылар санын көбейтіп, тағы бір мәрте өткізу қажет. Бұл тұста шешілмеген мәселе көп, сондықтан Кәсіпкерлер палатасының жан-жақты сүйемелдеуімен, бизнесмен тағы бір рет, қолда бар құжаттармен қалалық сәулет бөліміне жүгінуге керек. Мәселе оң шешім таппайынша, оны өз назарымызда ұстайтын боламыз», – деді И.Теренченко.

Сонымен қатар, кеңес отырысында, жолаушылар тасымалы және аталған сала бойынша субсидия алуға қатысты мәселе де қаралды.

Өңірлік палатаға Железинский ауданында әлеуметтік маңызы бар бағытқа қызмет көрсететін тасымалдаушылардың бірі өтініш білдірген. Кәсіпкер бекітілген тарифтердің болмауынан, субсидияларға қол жеткізе алмай отырған көрінеді. Айта кетерлігі, тарифтерді жергілікті атқарушы органдар бекітеді.

Палата сарапшыларының айтуынша, мемлекеттік органдардың немқұрайлығы салдарынан, субсидия алуда ЖК құқықтарының бұзылу дерегі орын алып отыр.

Өкілетті органдар өкілдері, аталған саланы облыстық мәслихат реттейтінін келтірді. Алайда биыл маусым айында ол өз күшін жойғандықтан, бағыт әлеуметтік маңызы бар санаттан алынып тасталған.  Сонымен қатар, олар кәсіпкерге заңда бекітілген мөлшер бойынша, жұмыс жасалған кезеңге субсидия беріледі деп сендірді.

«Қаралған мәселелер бойынша өздеріне міндет алған тараптардың жұмыстары Облыстық кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің бақылауында болады», – деді отырысқа төрағалық еткен Илья Теренченко.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер