«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ләззат Рамазанова: «Әйелдер табысқа жету құпиясын бөлісуге әрдайым әзір»

2016 жылғы 19 Қараша
19259 просмотров

Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен Әйелдер кәсіпкерлігі күні өтті

Қазақстан алғаш рет Women's Entrepreneurship Day (WED) әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау көрсету жаһандық  бастамасынына қатысты.  19 қарашада қазақстандық бизнестің нәзік жанды өкілдері Астанада әйелдер кәсіпкерлігі күнін атап өтті. Бұл күнді өткізу туралы бастаманы «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі қолдады. Айта кетерлігі, Кеңес төрайымы әрі «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Төралқа Хатшылығының ЖетекшісіЛәззат Рамазанова. Шараның стратегиялық әріптесі – Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚҚДБ). Бұл күні, әлемнің 144 мемлекеті мен 110 университетінде бір уақытта кәсіпкер әйелдерді ардақтауға арналған  шаралар өткізілген.

«Қазақ әйелі – ұлан-байтақ даланың еркін қызы, ол серіктес, әріптес, жақсы ақылшы болып саналады. Біз ешқашан бетперде киген жоқпыз, ешқашан қиындықтардан қашқан емеспіз. Біз әрдайым тең өмір сүріп келдік. Бұл сайын даланың саф табиғатына тән ерекшелік деп білемін.  Түзде тек батыл жандар ғана жеңіске жетіп, күштілер ғана өз ойын іске асыра алады. Бұл Қазақстан әйелдеріне тән ерекшеліктердің тарихи тұрғыда қалыптасуы деп ойлаймын», – деді қазақстандық бизнес-ханымдар алдында сөз сөйлеген Ләззат Рамазанова.

Ол, сонымен қатар, жиын барысында, соңғы жылдағы Іскер әйелдер кеңесі жұмысының нәтижелеріне тоқталып өтті. «Атамекен» ҰКП жүйесі бойынша, қаржылық емес қолдау көрсетудің үш түрі жүзеге асырылып келеді. Олар: сервистік сүйемелдеу, ақпараттық қолдау көрсету және тікелей қызмет көрсету. Бірінші сегмент бойынша, барлық өңірлерде 30 мыңнан астам кәсіпкер әйелдерге қызмет көрсетілді. Сол сияқты, екінші сегмент бойынша,  90 мыңнан астам бизнес-ханымға қолдау көрсетіліп, сонымен бірге, 11 мыңнан астам нәзік жан қаржылай көмек алды», – деді ол.

Кеңес басшысы, үздіксіз қызмет ететін жұмыс органы жоқ ешбір қауымдастық, мұндай нақты нәтижелерге қол жеткізе алмайтынын айтты. «Біздің кеңесте ондай орган бар – ол тұтас Ұлттық кәсіпкерлер палатасы болып табылады. Біздің есік ашық және кәсіпкерліктің әрбір субъектісі бізге мүше бола алады», – деді ол.

«Бүгін, біз бастап отырған игі бастама, алғашқы қадамымыз – ынтымақтастығымызды одан әрі өнімді және сындарлы ете түседі деген ойдамын. (…) Әйелдер аспаздық өнердің қыр-сырымен бөлісе бермесе де, табысқа жету құпиясымен қуана бөлеседі деген пікірдемін», – деді Ләззат Рамазанова.

Халықаралық ұйым әйелдер кәсіпкерлігі күні бизнес-ханымдарды ынталандыруға арналған шараларды ұйымдастыру әрі өткізу мақсатында әлемнің 140-тан астам еліне ресми өкілдерін тағайындаған. Аталған ұйымның Қазақстандағы ресми өкілі ретінде 2016 жылы Мерей Мұстафина сайланған.

«Мұндай ерекше бастаманың басы-қасында болу – біздің ел үшін үлкен мәртебе деп санаймын. Біздің іс-шара идеялар мен мүмкіндіктердің жүзеге асырылуына мол мүмкіндік беретін алаңға айналатынына сенімдімін», – деп атап өтті Мұстафина.   

Мұндай ерекше күнмен құттықтап әрі қазақстандық бизнестің нәзік жанды өкілердеріне қолдау көрсету мақсатында, мерекелік жиынға «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев та келді. «Қазақ қоғамындағы әйелдердің рөлі ежелден ерекше болған.  Посткеңестік кезеңде, еліміз үшін қиын күндерді басынан кешірген тоқырау жылдарында әйелдердің мойнына үлкен жүк артылды. Олар, тіпті, ер-азаматтардың қолынан келе бермейтін кәсіптің басы-қасынан табылып, түрлі мамандықтарды игерді.  Кеңес дәуірінде, кәсіпкерлікпен айналысу, өздеріңіз білесіздер, қылмыс болып саналды. Және сол 90-жылдары, өзгеріс уақытында, өкінішке қарай, азаматтардың көпшілігі жаңа заманның талаптарына бейімделе алмай, бірі ішімдікке салынса, енді бірі қол қусырып, жұмыс таба алмай сандалумен болды. Әрине, ол өте қиын кезең еді және осындай қиын-қыстау заманда, бірінші болып, әйелдер күрделі жағдайларға төтеп берді. Менің ойымша, 90-жылдары кәсіпкерліктің негізін әйелдер қауымы қалады», – деді Нұржан Әлтаев.

Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысы Іскер әйелдер кеңесі төрайымы, «Асыл арман» ЖШС иесі мен бас директоры Алма Арқабаевға да сөз берілді. «Қазақ халқында: «Әйелде қырық жан бар» деген сөз бар. Бұл аталы сөз біздің, ерлерден ерекшелейтін табиғи болмысымызды тура, дәлме-дәл етіп айқындап берді деген ойдамын. Біз бір уақытта бірнеше істің шетін қайырып, бірден бірнеше мәселе төңірегінде ой қозғай аламыз, еркектерге қарағанда, істі алдын ала болжап, мәселені тереңіне үңіле аламыз», – деді ол.

Нәзік жанды кәсіпкер, әйелдердің көш бастауы, бүгінде бүкіл әлемде жоғары көрсеткіштерге жеткенін келтірді. Сонымен қатар, мәселенің бұлайша өрбуі, өз кезегінде бірқатар проблемалардың орын алуына себеп болып отырғандығына тоқталды. «Мансап қуып, өз саласында айтарлықтай жетістіктерге жеткен көптеген әйелдер бар. Алайда, олардың дені жалғызбасты. Мұндай нәзік жандар, табысты әрі ақшаны көп тапсам, тұрмыс құрудың қажеті жоқ деп ойлайды. Меніңше, мұндай пікірді ұстанатын әйелдер, қатты қателеседі.  Жаһандану дәуірінде, біздің қоғам осы бағытқа қарай ойысып бара жатыр. Қыздарға дұрыс тәрбие беріп, болашақ ұрпақтарымыздың бойына ізгі қасиеттерді сіңдіре білуде, біздің әйелдер қауымының атқарар рөлі ерекше деп ойлаймын.  Мен іссапарларға барып, батыс кәсіпкерлік өкілдерімен тілдескенімде, олардың бірінші орынға мансапты қойып, оған жету мақсатында бәрін ысырып қою туралы пікірлерін естігенімде жаным ауыратынын жасырмаймын. Меніңше, бұл қате пікір. Біздің қырық жанымыз бар, сондықтан, біз бәріне үлгеруге тиіспіз», – деді ол.

Жиын барысында, қатысушылар, сонымен бірге, ЕҚҚДМ, «Даму» кәсіпкерлікке қолдау көрсету қоры, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасындағы әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау көрсету мәселелерін де талқыланды. Бизнес-ханымдар өз кәсіптерінің артықшылықтары, әйелдер көшбасшылығының сан қырлары мен кәсіпкер-әйелдер өмірінің ережелері туралы ойларымен бөлісті.

Шара қорытындысы бойынша, Қазақстандағы әйелдер арасында кәсіпкерлікке қолдау көрсету және дамытуға арналған бастамалар мен шаралар легі іске қосылады деп күтілуде.

Дүниежүзілік әйелдер кәсіпкерлігі күні аясындағы «Әйелдерді қолда» шарасы Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ кеңсесінде 30 қарашада өтеді. Жаһандық бастама барлық әлем елдерін әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға шақыруды көздейді.  Аталған  шара барысында, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында біріккен, бөлшек сауда дүкендерінде онлайн-сатып алуды жүзеге асыруға жол ашатын жаңа интернет-сауда анықтамалығы таныстырылады деп жоспарланып отыр. Сатылымнан түскен пайданың бір бөлігі кедей елдердің тұрғындары ашып жатқан 100 000 бизнесті микронесиелендіруге жұмсалады. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде #ChooseWOMEN хэштегімен ақпараттық науқан басталмақ.

 


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер