«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызанақ өсіруге қызықсаңыз...

2016 жылғы 10 Қараша
- Павлодар облысы
7871 просмотров

Отандық қызанақтардың сапасын көтеру үшін облысқа Канададан осы саланың сарапшысы Прем Карбанда келді

Сарапшыны «Павлодар жылыжай комбинаты» ЖШС «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының «Аға сеньорлар»  атты шараның аясында шақыртыпты.

Шетелдік маманның айтуынша, облыста қызанақ өсіру бойынша жүзеге асып жатқан жобаның келешегі зор.

«Мен кәсіпорындағы қызанақ өсіру процесімен танысып үлгердім, ондағы жұмыстар көңілімнен шықты. Өндірістің деңгейі өте жоғары және заманауи технологиялармен жабдықталған. Бастысы – сауатты менеджмент жүргізу, сонда өнімділік арта береді», – дейді Прем Карбанда мырза.

Сарапшы жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін, өз тәжірибесімен бөліспек. Оның үстіне қызанақ тез өсетін өсімдік болғандықтан, өндіріс ұқыптылықты талап етеді, осы бағытта да арнаулы сабақ өтілмек.

Прем Карбанда дүниежүзіндегі білікті, тәжірибелі мамандарды іріктеп, клиенттері мен серіктестеріне солардың мол тәжірибесі мен машығын үйрету арқылы экономикалық өсімді қамтамасыз ететін халықаралық CESO ұйымының мүшесі. Карбанда мырзаның өзі мұндай миссиямен Гондураста, Боливияда, Камерун мен Қытайда болған екен.

Павлодарлық жылыжай комбинатының басшысы Мейрам Мақашевтің айтуынша, бұл кәсіпорынға шетелден келген алғашқы сарапшы екен.

«Біздің кәсіпорын салыстырмалы түрде әлі де жас, ашылғанымызға бір жыл ғана болды. Өндірістің бәрін заманауи технологиямен қамтамасыз еттік. Алдағы уақытта да қарыштап дамуды жоспарлап отырғандықтан, Кәсіпкерлер палатасынан шетелдік сарапшыны шақыртуға көмек сұрадық. Бұл қадам өндірістің дамуына серпіліс береді деп сенеміз», – дейді Мейрам Мақашев. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер