«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жаңа Кодекс инвестициялық тартымдылықты жақсартады

2016 жылғы 01 Қараша
9603 просмотров

Қазақстанда «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа Кодекс әзірленіп жатыр

Қазақстанда жекеменшік инвесторлар, енді, жер қойнауын пайдалану құқығын жарты жыл күтпей, электронды форматта бар-жоғы үш күнде ала алады. Бұл туралы, бүгін «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс жобасын таныстыру барысында, Үкімет отырысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Министрдің айтуынша, Энергетика министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, салалық қауымдастықтармен бірге даярланған заң жобасының басты мақсаты – геологиялық барлауға жекеменшік инвесторларды тартуда қолайлы жағдайлар жасау.

Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін, министрлік қолданыстағы заңды реформалаудан бастауды жөн көріп отыр. Бұдан бөлек, «геологиялық барлау шығындарының 10%-ын құрайтын, гелогиялық барлау жұмыстарының алғашқы кезеңінде» мемлекеттік қаржыландыруды арттыру ұсынылды. «Заманауи технологияларды қолдану арқылы, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу сапасын арттыру маңызды болып отыр. Бүгінде, біз қолданып келе жатқан технологиялар тек 300 метр тереңдікте ғана жұмыс жасауға мүмкіндік беріп отыр», – деді  Жеңіс Қасымбек.

Геологиялық барлауды дамыту үшін жасалған жаңа Кодекстің негізгі қағидаттары австралиялық әдіске сүйене отырып әзірленген. «Мұны бірінші рет қолданысқа енгізіп – оған алғашқы рет қол жеткізіп отырған жайымыз бар. Біз бұл қағидатты пилоттық режимде Степногорск маңына енгізе бастадық. Және аз ғана аумақта, бар-жоғы 100 шаршы шақырымда 18 келісімшартқа қол жеткізіп отырмыз», – деп атап өтті министр.

Кодекс авторлары мемлекеттік реттеуді жандандыруды да қолға алмақ. «Бүгінде бұл тұста да, біздің ережелерге сәйкес, жер қойнауын пайдалану құқығын беру мерзімін 18 айдан, электронды форматта үш күнге дейін қысқарту көзделіп отыр, – деді инвестициялар және даму министрі. – Сонымен қатар, геологиялық ақпаратқа еркін қол жеткізуді қамтамасыз етпекпіз. Себебі, бүгінде аталған ақпараттарды алу өте қиын болып тұр». Бұдан бөлек, Инвестициялар және даму министрлігі юниор-компаниялар нарығына да жағдай жасамақ. Олар – жыл сайын жаңа кен орындарының 67%-ын ашатын шағын компаниялар.

«Біз аталған Кодекстің бекітілуі Қазақстанның инвестициялық тартымдылық рейтингісін арттырады деген ойдамыз», – деді Жеңіс Қасымбек.

Заң жобасы Парламент Мәжілісі қарауына 2017 жылдың қыркүйек айында ұсынылмақ.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер