«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бас жоспар әлі де толығымен жарияланбай отыр

2016 жылғы 21 Қазан
- Павлодар облысы
3600 просмотров

Бүгінгі таңда отандық кәсіпкерлер жиі кездесетін мәселелердің бірі – әкімшілік кедергілердің көп болуы. Бұл туралы бизнес-омбудсменнің өңірлердегі өкілдерімен кездесуі барысында мәлімделді.

Павлодар облысы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, аталған аймақтағы бизнес-омбудсмен аппаратының сектор меңгерушісі Мәди Сыздықов қолайлы бизнес-орта қалыптастырмай, гүлденген экономика жайлы сөз қозғауға ертерек екенін келтірді. Осы орайда, кәсіпкерлік қызметпен айналысушы жандар, жергілікті атқарушы билік орындарының белгілі бір дүние бойынша шешім шығаруды созбалаңға салатынына ұдайы шағымдануда екен. Бәрінен бұрын, бизнесмендер құқығы жер қатынастары, сәулет саласы мен қала құрылысы бағыттарында өрескел бұзылуда. Павлодарлық кәсіп иелері өздерін толғандырған түйткілдер жөнінде бизнес-уәкілдің жеке қабылдаулар барысында да жеткізген.  

«Бұл қабылдауларда 17 кәсіпкердің мұң-тілегі тыңдалғаны аян. Қазіргі уақытта келесі кілтипандар оң шешімін тапты. «Ортопрот» фирмасы жергілікті тауар өндірушілермен мемлекеттік сатып алулар тұрғысында 47 миллион теңгеден астам сомаға келісімшартқа отырса, «INNOVATION CENTER PROJECT» компаниясына мемлекеттік мекемелермен дау аясында көмек көрсетіліп, әкімшілік жауапкершілікке тартылмай, 424 мың теңге айыппұлдан босатылды», - деп хабарлаған Мәди Сыздықов қалған арыздарға қатысты жұмыстардың жүргізіліп жатқанын баяндады.

Сонымен қатар, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау бойынша уәкіл Болат Палымбетовтің Павлодар облысы әкімімен және прокурорымен кездесуі нәтижесінде жер телімдерін аукциондар арқылы ұсыну жағы белсенді кейіпке еніп, Өңірлік палата сарапшылары бюджеттік комиссиялар жұмысына тартылған. Мәслихатта тұрмыстық қалдықтар жөніндегі нормативтік-құқықтық актілер бекітілу үстінде болса, жалған кәсіпкерлік деректеріне байланысты заңсыздықтардың жолын кесуге де күш салынуда екен. Бас жоспар мен елдімекендерді нақты жоспарлау жобалары ауқымында әкімдіктер әлі де Жер кодексіндегі 44-1 баптағы заң талаптарын орындамауда. Қажетті ақпарат тек Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларында көрініс тапқан.

«2016 жылдың осы уақытқа дейінгі аралығында 171 өтініштің 42 пайызы кәсіпкерлер ыңғайына шешіліп, экономикалық тиімділік 257 млн теңгені құрады. Жалпы кәсіп иелері салық салу, сатып алу, жер қатынастары, монополистер әрекеті бойынша жиі жүгінеді», - деп түйіндеген Мәди Сыздықов әкімшілік кедергілерді қысқартуға, кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғауға күш сала беретіндіктеріне уәде берді.  

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер