«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жастық шақтың жігері жаңашылдыққа толы

2016 жылғы 14 Қазан
- Павлодар облысы
10335 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы Жас кәсіпкерлер мектебінің оқушылары Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына жаңашыл идеялар ұсынуда

Өздерінің жасампаздылығы мен жаңашылдығын оқушылар Кәсіпкерлер мектебіндегі оқу барысында көрсете білді.

«Қазіргі таңда жас кәсіпкерлерде бизнеспен шұғылдануға деген құлшыныс зор. Жас кәсіпкерлер мектебінің мақсаты – олардың жобаларына дұрыс стратегиялық бағыт ұсыну. Ал, жастарда тың идеялар көп және олардың дені – инновациялық. Яғни, олар өздеріне дейін жасалып қойған дүниелерді емес, жаңа өндіріс ашуға құштар», – деді мектептің бизнес-оқытушысы Қуаныш Досмағұлов.

Инновациялық жобалар арасында IT-технологиясы саласы да бар.

«Біз топ болып «Қозғалыс» деп аталатын жоба дайындадық.  Жобаның мәні аяқ киім табанына аккумулятор қойылады, ал жүрген кезде электр энергиясы пайда болып, аккумуляторлар қуаттандырылады. Осылайша, түрлі гаджеттерді қуаттандыруға болады. Ондай нәрсе Қазақстанда әлі болмаған», – дейді Қазақ тұтынушылар колледжінің студенті Әділхан Хамзатұлы.

Жастар, сондай-ақ, «Броутер» жобасын іске асыруды көздеп отыр. Оның мәні: арнайы тұтынушы-роутер жасалып, қолданылмаған WI FI-трафикті жинақтай бастайды.  

«Көпшілікте қолданылмаған мегабайттар қалып қояды, оларды осы роутерге жөнелту арқылы тұтынушы басқасымен оңтайлы бағамен бөлісетін болады. Сосын, тұтынушы трафик қажет болған жағдайда, оны жинақтағыштан оңай ала алады. Яғни, роутер «Мегабайттарды сақтаушы банк» қызметін атқарып отыр. Оны кез келген пайдаланушы қолдана алады және бағасы да әдеттегі провайдерге қарағанда әлдеқайда арзан. Осылайша, бәріне қолайлы болып отыр», – дейді идея авторлары.

Қазір студенттер мүдделі мамандар көмегімен шешуді көздейтін техникалық тұрғыдағы бірнеше мәселеге ден қоюда.

«Студенттерді оқыту нәтижесінде олардың мүмкіндіктерінің мол екеніне көзіміз жетіп отыр. Олар ойлап, оны іске асырғысы келеді. Жастардың идеялары өте көп. Оларда IT-технология басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан, біз Кәсіпкерлер палатасы ретінде қандай да бір оқу орны базасында «силиконды алаң» құруды жоспарлап отырмыз. Онда түрлі жоба авторлары өз идеяларын дамытып, IT-жобаларын жүзеге асыра алатын болады. Бұл бастама Мемлекет басшысының инновациялық технологияларды енгізу және дамытуға қатысты тапсырмасын орындауға септігін тигізетін болады», – деп атап өтті бизнес-оқытушы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер