«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мүслім Амангелді: «Филиалымыз кәсіпкерлердің нағыз «екінші үйіне» айналды»

2016 жылғы 20 Қыркүйек
9095 просмотров

Ұйғыр аудандық Кәсіпкерлер палатасының директоры Алматы облысындағы бірінші филиалдың қалай ашылғаны және оны неліктен тек бизнес өкілі басқаруы тиіс екені жайында әңгімелейді

– Мүслім Мүслімұлы, жергілікті филиал қалай құрылғаны жайлы айтып берсеңіз? Сіз ҰКП құрылымына қалай келдіңіз?

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылғаны, облыстар мен аудандарда филиалдардың ашылатыны туралы мен алғаш рет 2013 жылдың аяғына қарай естідім. Ол кезде осы құрылымда жұмыс істеймін деп тіпті ойыма алған да емеспін. Сол тұста кәсіпкерлермен әңгімелескен кезде мен жер мәселесіне қатысты және жұмыс істеп тұрған бизнестің өзге де жүйелік проблемалары туралы көп шағымдар еститінмін. Сол себепті жаңа ұйымның кәсіпкерлер қауымын қорғаумен және қолдаумен айналысатынына қатты қуандым. Оның үстіне, әріптестеріме көмектесу ниеті үстем болды. Осыдан кейін филиал директоры лауазымына құжат тапсыруға шешім қабылдадым. Әңгімелесуден сәтті өттім. Мен өз қызметімнің мән-мағынасын бірден ұқтым, ал жұмыстың негізгі тетіктері алдын ала әзірленіп қойған екен. Осылайша, 2014 жылдың 16 наурызында Шонжыда Алматы облыстық Кәсіпкерлер палатасының бірінші аудандық филиалы ашылды.  

– Жұмыстың бастапқы кезеңінде қандай қиындықтар болды?

Кез келген ұйымның аяқтан тұру кезеңінде қиындықтар болады, алғашқыда  бизнес өкілдері бізбен қарым-қатынасқа ынта таныта қоймады. Бәрінің қоятын сұрағы: Сіздер бизнесті қалай қорғайсыздар? Қандай көмек көрсетесіздер? Жұмыста қол жеткізген қандай нәтижелеріңіз бар? Көпшілігі біз көрсеткен қызметімізге ақша алады деп ойлады. Мұнда, әрине, бизнес пен мемлекеттік қызметте жинақтаған тәжірибем көп көмектесті – тең сөйлесе білу, сендіру қасиеті және кәсіпқойлық. Бизнеске келгенге дейін алты жылдай мемлекеттік қызметте жұмыс істедім – облыстық мәслихаттың бас маманы, аудан әкімінің кеңесшісі болдым. Сонда орныққан байланыстар, бизнес-қоғамдастық ортасындағы танымалдық көп рөл атқарды.

– Сіз жұмысты неден бастадыңыз, оны кәсіпкерлер қалай қабылдады?

Ең алдымен, кәсіпкерлермен кездесулер өткіздік, ауылды жерлерге шықтық, тұрғындармен және жергілікті атқарушы органдармен кездестік. Проблемалық мәселелерді талқыладық, жазып алдық және жалпы филиал жұмысының жүргізілу бағытын белгіледік.  Одан бөлек, 3-4 ай бойы базарларға, дүкендерге, кәсіпорындарға бардық, олардың өзекті мәселелерімен таныстық. Білесіз бе, басында біз проблемаларды өзіміз іздедік, шағымдар мен өтініштерді жазып алдық. Ал кейіннен адамдар Палата филиалы туралы естіп, қайда  келу керек, қандай құжаттар керек екені жөнінде білетін болды.

– Айтыңызшы, жергілікті атқарушы органдармен және мемлекеттік органдармен қарым-қатынас қалай түзілді?

Жергілікті мемлекеттік органдармен қатынас жақсы қалыптасты, себебі мен өзім осы салада бұрын жұмыс істегенмін, сондықтан өзара сенімді қарым-қатынас сақталған еді. Дегенмен, бастапқыда біз жергілікті әкімдіктер мен бөлімдердің кемшіліктері мен қателіктерін жайып салған кезде көпшілігі есеңгіреп қалды. Әсіресе, жер учаскелерін бөлу, пайдалану және салық мәселелері өткір қойылды. Біраз уақыт өткен соң біз жағдайды өзгерттік. Жер қатынастары бөлімінің бастығы қызметінен алынды, бірнеше ауылдық әкімге сөгіс берілді.

– Біз қазір филиалдың билікпен жақсы қатынаста екенін білеміз. Бұған қалай қол жеткіздіңіздер?

Мұның бәрі тәжірибемен келді және кәсіпкерлердің өздері де зор сенім артты. Жергілікті билік бизнеске тек ӨКП ғана қажетті әрі тиімді көмек көрсете алатынын түсінеді. Мемлекеттік органдар кәсіпкерлерді қолдай отырып, біздің экономиканы дамытуда. Себебі бизнес – тұрақтылығымыздың негізі. Сондай-ақ, егер Палата іске кіріссе, шындық соның жағында екенін дәлелдедік. Айталық, біздің былғары мен жүнді қайта өңдеу жөніндегі зауытқа берген экономикалық түйінімізден кейін қоймаларға арналған қосымша учаске бөлінді және электрмен, сумен қамту желілері жүргізілді.

– Палата филиалының 2,5 жылдық қызметінде қандай негізгі жетістіктерді атап айта аласыз?

Осы уақыт ішінде бізге Ұйғыр ауданының 2,5 мыңнан астам кәсіпкері жүгінді. Бүгінде бүкіл ауданда біздің филиалды бизнеске нақты қолдау көрсететін ұйым ретінде таниды. Тіпті шалғай ауылдардың кәсіпкерлері мен тұрғындары біздің мамандармен таныс және кез келген уақытта қоңырау соғып, ақыл-кеңес ала алады. Филиалымыз кәсіпкерлердің нағыз «екінші үйіне» айналды. Сондай-ақ, басты жетістігіміз –  бизнес пен биліктің арасында сұхбат алаңын құрдық. Оған қоса, пайдалы қазбалар өңдеуге салынатын салық  мөлшерлемесін төмендету мәселесін республикалық деңгейде көтердік, жер қатынастары мәселелері шешімін тапты. «Чунджа Агро», «Фарм Агро», «Apple World», «ҚазМалы», «Дана Нектар» және т.б. жобаларды сүйемелдеуге қолдау көрсеттік.

– ӨКП жұмысынан басқа сіз «ҚазРос Агро» компаниясын басқарасыз. Өз бизнесіңізді жүргізуге және оған қоса кәсіпкерлік қоғамдастықпен жұмыс істеуге қалай үлгересіз? Сізге неліктен дәл осы Кәсіпкерлер палатасында жұмыс істеу керек болды?

Мен филиалды тек бизнес өкілі басқаруы тиіс деп санаймын, өйткені ол бизнестің жай-жапсарын толық білуі керек. Бизнестен алшақ адамға кәсіпкерлік қоғамдастықпен жұмыс істеу қиын болады. Құзыретті және өз ісін білетін мамандардың арқасында мен өз бизнесімді де, Палатаның жұмысын да жүргіземін. Оның үстіне,  Кәсіпкерлер палатасы – ондаған жыл жұмыс істеп жүрген өзгелерге қарағанда, осы 3 жыл ішінде бизнес үшін көп іс тындырған бірегей ұйым екенін көріп отырмыз. Бірлескен жұмысымыздың нәтижесі бізді қанаттандырады және жаңа міндеттер мен бастамаларды іске асыруға жігерлендіреді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер