Кооперативтерге бірігу артықшылықтары
Кооперацияның арқасында ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер мемлекет тарапынан қажетті қолдау көріп отыр
Күн сайын фермерлердің алдынан түрлі міндеттер шығады, оларды көп жағдайда фермер жалғыз өзі шеше алмай жатады. Ең алдымен, шағын фермерлік шаруашылықтарда кепілдік базаның жеткіліксіздігін, кейде мүлде жоқ екенін атап өту қажет, соның салдарынан көптеген шаруалар ақшалай қаражат алуда қиындықтарға тап болады. Несиелік ресурстардың жетіспеушілігі, өз кезегінде, ауыл бизнесінде басқа да проблемалар тудырады. Мысалы, әлсіз техникалық жабдықтау, өндірістің ұсақ тауарлы болуы. Мұндайда фермерлер үшін кооперативтерге бірігу кәдімгідей сүйеу. Кәсіпкерлер палатасының Май ауданындағы филиалында шаруалардың қатысуымен дөңгелек үстелдер жиі ұйымдастырылып тұрады. Онда кооперациялардың мәнін барынша ашып көрсетіліп, бірігу барысында пайда болатын артықшылықтарға назар аударылады.
Палата филиалының сарапшылары шағын фермерлік шаруашылықтардың кооперацияларға бірігу дәрежесіне жеткендігін айтуда. Мәселен, бүгінгі таңда Май ауданында ет бағытындағы жеті ауылшаруашылық өндірістік кооперативі тіркелген. Оған төрт шаруа қожалығы мен 82 жеке қосалқы шаруашылық қатыстырылған. Ондағы 895 ірі қара, 300 қой және 13 ауылшаруашылық техникасы бар екен.
Айта кетерлігі, мұндай бірлестіктер үшін арнайы салық режимі мен басқа да жеңілдіктер қарастырылған. Палатаның Май ауданындағы филиалының директоры Айтас Шамбосовтың пікірінше, кооперативтерге бірігу ұсақ шаруашылықтарға мемлекеттен қажетті қаржылай көмек алуға мүмкіндік береді. Бірігу барысында ауылдықтар үшін банктерден несие алу, сондай-ақ лизингке техника алу мүмкіндіктері пайда болады.
Осындай бірлестіктердің бірі – «Димаш» АӨК. Ол жеті жеке қосалқы шаруашылықтан құралған. 1060 гектар жайылымдық жері, 56 гектар шабындық жері, 158 бас ірі қара малы бар, оның 120-сы асылдандырылған. Палата филиалы кооперативтің құрылтайшылық құжаттарын құру барысында ауыл тұрғындарына жан-жақты қолдау танытты. Одан бөлек, Палата сарапшылары аталған жобаны әділет органдарында тіркеу және ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер ретінде салық есебіне қою барысында сүйемелдеді. Қазіргі таңда «Димаш» ауылшаруашылық өндірістік кооперативін мемлекеттік агроөнеркәсіптік бағдарламаларға қатыстыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Филиал ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер мен «Павлодар облысы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арасындағы кездесуге ұйытқы болды. Кездесуде техника мен мал соятын орынға арналған мұздатқыш құрылғылары бар жабдық сатып алуға және кооперативтің айналым капиталын толтыруға уағдаласты.
Фермерлер кооперативтерге бірігудің арқасында шаруашылықтардың дұрыс жұмыс істеуіне және оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік туатындығын атап өтті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: