«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнес пен билік тіл табысқанда...

2016 жылғы 22 Шілде
- Павлодар облысы
11193 просмотров

Өңір басшысы Болат Бакауов Кәсіпкерлер палатасындағы дөңгелек үстелге келіп, павлодарлық кәсіпкерлермен жүздесті

Бұл жаңадан енгізіліп жатқан тәжірибе. Мұндай жиындарда кәсіпкерлер өңір басшысымен тікелей сөйлесіп, кездескен келеңсіздіктерді ортаға салып, өңірдегі бизнес-климатты жақсартуға үлес қосады, келешектегі даму туралы ойларымен бөліседі.

Мұндай жиындарды өңірлік кәсіпкерлер Палатасы ұйымдастырып жүргені жасырын емес. Олар ендігі кезде үздіксіз жоспарланып, бизнес пен билік арасындағы сындарлы сұхбат құруға мүмкіндік туғызбақ. Кездесуде қаралған мәселенің бірі «ЛесСтройПромKZ» ЖШС жайы болды. Ол квазимемлекеттік сектормен байланысы кезінде күрделі қиындықтарға ұшыраған екен. Бірнеше жыл  бойына ЖШС «Ертіс-Бейнесі» МКК-дан 1 827 806 теңге сомасындағы қарызын ала алмай жүр. Қарызгер МКК қазіргі таңда жабылып жатқан көрінеді.

Дәл осындай мәселені «Innovation Center Project» ЖШС да айтып өтті. Олар да есеп айырыса алмай жүр екен. Павлодар облысының Сәулет және қала құрылысы басқармасы бұл ЖШС-ға 7,5 млн теңге қарыз. Жасалған жұмыстардың ақысын төлемеген болып шықты. Керек десеңіз соттың да шешімі бар.

Осы орайда өңір басшысы, соттың шешімі болған кезде мұндай мәселе туындамауы керектігін атап өтті. Прокуратура органдарына осы істерді қарап шығуға тапсырма берді.

Кездесуде ортаға салынған және бір түйткіл Павлодардағы Павлов көшесі, 11 үй бойынша ғимараттарды жекешелендіру мәселесі айтылды. Мұнда сенімхатпен төрт фирма жұмыс істеп жатыр. «Театр моды Райсы» ЖШС, «Надежда» ЖШС, «Ольга» ЖШС және «Лиховид» ЖК. Ғимарат қалалық қаржы бөлімінің балансында. Жекешелендіру жоспары бойынша ол саудаға түсті. Сатылған соң кәсіпкерлер ғимаратты босатуы тиіс. Ал, олар мұнда 19 жылдан бері жасап келеді.

Оның үстіне кәсіпкерлер беріледі деген жердің арты сөзбұйдаға салынғанын айтты. «Сигма» компаниясы тұрғын үй салып жатыр, жаңа үй салуға керекті қосымша жер телімін ұзақ уақыт бойы ала алмай келеді. 

Бұл мәселе бойынша қалалық әкімшілік қызметкерлеріне жер беру үдерісін жылдамдату тапсырылды.

Кездесу нәтижесін қорытындылаған Болат Бақауов келген кәсіпкерлерге қарата кәсіпкерлермен кездесу тек олардың жеке басының мәселесін көтерумен шектелмеу керектігін ескертті, кәсіпкерлер жаңа жобаларға қатысты өз ұсыныстарын айта жүргені де абзал деді.

«Кәсіпкерлер өз мүмкіндіктерінің көкжиегін кеңейткені дұрыс»,– деді әкім.

Өңір басшысы кәсіпкерлерге кездесу барысында айтылған мәселелердің денін келесі жолыққанша шешуге уәде берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер