«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ҚР Парламенті төлем мерзімін қысқартатын заң шығарды

2016 жылғы 29 Маусым
9070 просмотров

Бір жылдан кейін банктер төлемдерді күнбе-күн жүргізеді 

Екінші деңгейлі банктердің төлемдерді күнбе күн орындауына дәл бір жыл қалды. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев Сенаттың толық құрамды отырысында Мәжіліс мақұлдаған «Төлемдер және төлем жүйелері туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне төлемдер және төлем жүйелері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын ұсыну барысында айтты.

Данияр Ақышев заң жобаларын әзірлеу бірнеше мақсатты көздеп отырғанын айтты. Соның ішінде – төлем жүйелерінің жұмысын регламенттеу. «Осыған қатысты «төлем жүйесі түсінігі», «оператор» негізгі жүйелері қарастырылған, сондай-ақ оларды халықаралық стандарттарға сәйкес жіктеу енгізілген», – деді Ұлттық банк басшысы сәрсенбі күні өткен Сенаттың толық құрамды отырысында. Заң жобаларының келесі бір мақсаты – төлемдер қызметі нарығын регламенттеу.

«Заң жобасында нарықтың субъективті құрамы анықталып, төлемдер қызметін жеткізушілер туралы түсініктер мен санаттары енгізілген – операциялардың жекелеген түрлерін жүргізетін банк-ұйымдар, төлем ұйымдары, төлем агенттері», – деп сөзін жалғады Ұлттық банк төрағасы.

Сондай-ақ олардың қызметін реттеу режимі мен олар көрсететін төлем қызметтерінің нақты түрлері анықталған. Оған қоса Дания Ақышев Ұлттық банкке жеке және банктік төлем ұйымдарының есептік тіркеуі енгізілетінін, сондай-ақ төлем агенттерінің жұмыс тәртібін регламенттеу ұсынылғанын атап өтті.

«Сонымен бірге банктердің төлемдерді орындау мерзімі төрт күннен екі күнге дейін қысқартылды, ал 2017 жылдың 1 маусымынан бастап күнбе күн жүреді. Жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, тұрғын-үй төлемдері мен білім беру жинақтаушы салымдарын үшінші жақтың талаптарымен азаматтардың банк шотынан өндіріп алуға шектеу қойылады», – деп атап өтті Д.Ақышев. Одан бөлек, заң жобаларында банктер үшін төлем операцияларын жүргізгенге дейін клиенттерді комиссия мөлшерімен таныстыру туралы міндеттеме бекітілген. Сондай-ақ Қазақстан аумағында төлемдер бойынша арттыру жағына қарай шарт талаптары мен тарифтерді бір жақты тәртіпте өзгертуге  тыйым салынады.

Сенаторлар заң жобаларын екі оқылымда-ақ қабылдады. Мұндай жағдайда заңдарды Парламенттер қабылдаған болып саналып, қол қою үшін Елбасына жолданады.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер