«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Пайдалы өнім іздесең, Екібастұзға кел

2016 жылғы 10 Маусым
- Павлодар облысы
15916 просмотров

Кәсіпкер аймақта құрамы байытылған макарон өнімін шығарады

Макаронды сүйсіне жемейтін адам кемде-кем болар. Дүкен сөрелеріндегі сан түрлі самсаған түрлері қиялыңды шарықтатып, асүйдегі  жанның әрқилы дәмді ас дайындауын жеңілдеткендей.  Макарон отандастарымыздың қалаулы  ас-ауқаттарының бірі екендігі айдан анық. Өзің сүйсінетін  асыңның пайдалы болып шығуы тіпті тамаша емес пе?!

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының Екібастұз қаласындағы филиалы директоры Медият Мусанаптың айтуынша, Казнауиевтер жанұясы өткен жылдың басында қызметтеріне жүгінген. «Олар байытылған макарон өнімін өндіру жөніндегі бизнес-идеясымен бөлісті.  Тілек білдірушілер  Палатада «Бизнес-кеңесші» курсы бойынша оқытудан өтті, ал кәсіпкерлер үшін мемлекеттік гранттарға конкурс жарияланған кезде 2012-2020  жылдары  моноқалалар  дамыту бағдарламасы аясына қатысуға  өтінім беріп, бағын сынамақшы болды. Жаңашыл жоба бойынша  бизнес-жоспар әзірлеген олар мемлекеттен  3 миллион теңге көлемінде грант ұтып алды», – дейді Палата директоры.   

Бизнес-ханым Жұлдыз Казнауиева жаңадан бастаған кәсіпкерлерге кәсіпкерлердің өңірлік палатасы үлкен көмек көрсетті деп атап айтты. 

«Мен ұзақ уақыт бойы аяқ киімді жекелей сатумен шұғылдандым. Алайда қазір сату онша көп пайда әкелмейтіні баршамызға аян, оның үстіне бәсекелестік те күшті. Сол кезде мен кәсіпті ауыстыру жайлы ойлана бастадым. Сонымен қатар ұлымның денсаулығы да сыр бере бастады, дәрігерлер глютенсіз диета тағайындады.  Құрамында клейковина жоқ нан салып, арнайы пеште пісірдім, Ресей немесе Қазақстанның ірі қалаларынан   интернет арқылы макарон өнімдеріне тапсырыс бере бастадым,  өйткені біздің дүкендерімізде мұндай өнімдер жоқ болатын»,– деп сыр бөлісті кәсіпкер.

Күнделікті тіршілікте  байытылған макарон өнімдерін пайдалана отырып, олардың құрамына зер салды,  сөйтсе кәдімгі және глютенсіз макарондармен қатар емдік және алдын алу қасиеттері бар макарон өнімдері де болады екен.  Бүгінгі таңда көп адамдардың  салауатты өмір салтын ұстанып, пайдалы ас ішуге ұмтылуы да көкейкесті мәселе болып шықты. Әлбетте, әр түрлі аурумен ауыратын жандар да көп. Бірақ пайдалы өнімдер өте аз. Бұл олқылық та бизнес-идеяны жүзеге асыруға түрткі болды.

«Отбасымыз кеңесе келе біздің аймақтағы Кәсіпкерлер палатасына өтініш жасауды ұйғарды. Олар өз кезегінде бізге мемлекеттен грант ұсыну тәртібін  түсіндірді. Кәсіпкерлер палатасында оқу көп көмегін тигізді.  Бұрын басымызға кіріп-шықпаған бизнес-идеялар жайлы әңгімелер айтылды», – деп еске алады Ж.Казнауиева.

Сертификат  алып, байытылған макарон шығару бойынша бизнес-жоспар әзірледік. 2016 жылдың наурызында өндірісті іске қостық, қазір бидай  ұнынан жасалған  бірінші және жоғары сұрыпты макарон өнімдері шығарылуда. Жуырда  байытылған макароннан, қадап айтсақ, қарақұмық, жүгері макарондары шығарылмақшы, сонымен қатар топинамбур ұнынан өнім жасау да жоспарда  тұр.  

Топинамбур құрамында  глютен  жоқ,  қан диабетімен ауыратын адамдардың қолдануына болады. 

Бір айта кетерлігі, байытылған макаронның пайдалы қасиеттері мол-ақ. Кәдімгі макаронда глютен бар.  Глютен – дәнді дақылдардың көбінде бар белок. Бұл белокты көтере алмайтындарға дәрігер қауіпсіз диета сақтауға кеңес береді,  яғни осы жат белокты толығымен шығарып тастау. Бірақ макаронды соншалықты жақсы көретіндер не істеу керек?   

Қоспалармен дайындалған макарон өнімдері  адам өміріне аса қажет, табиғи түрдегі  микроэлементтерге бай және адам ағзасы жақсы сіңіреді. Мысалы, қарақұмық жармасынан жасалған қоспалар темірді 5-6 есе, магнийді 8-9 есе,  калийді 2 есе, В тобындағы дәрумендерді 2 есе, ал сұлы және  бидай  жармасынан жасалған қоспалар құрамындағы өзектің болуын  3 есеге көбейтеді. Ал бұршақ, күріш, соя қосқан өнімдер белоктың құрамын 30-40% ұлғайтады.  Жүгерімен байытылған ұн өнімдері олардың дәмдік қасиетін арттырып қана қоймай,  оларға жағымды сары реңк қосады  және жақсы қорытуға әсер етеді.  

Қалада жаңа өнімге деген сұраныс бар, сондықтан макаронның 9 түрі  шығарылуда. Кәсіпкерлерді өндірісті бұдан былай да дамыта беруді жоспарлар отыр. 

«Кәсіпкерлер палатасы сияқты біздің де басты міндетіміз – бизнес-бастаманы  ынталандыру, жаңадан бастаған кәсіпкерлерді жан-жақты қолдау, аймағымыздағы бизнес-климатты жақсарту жөнінде мақсатты жұмыс жүргізу», – деп қорытындылады сөзін  Медият Мусанап.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер