«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Фермерлерге су мен тұрақтылық қажет

2016 жылғы 25 Мамыр
8157 просмотров

Мәжілісмендер Үкіметтен отандық ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді мемлекеттік қолдау бағдарламасының ережелерін қайта қарауды сұрап отыр  

Бір жағынан ауыл тұрғындарына қаржылық қолдау көрсетіледі  деген уәде берілсе, екінші жағынан олқылықтар себебінен олар қолдағы барынан айырылып қалғалы тұр. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-министрінің атына депутаттық сауал жолдаған Гүлнәр Бижанова мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда заңнаманың жекелеген нормалары, ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерді пайдалануды реттейтін ережелер адал ниетті жер пайдаланушылардың құқын бұзуы мүмкін», – деді депутат.

Проблемалық мәселелер ретінде Г.Бижанова «мәслихаттардың шешімі бойынша жер заңнамасында қарастырылған ауылшаруашылық мақсаттағы жерлер үшін базалық салықтық мөлшерлемелер құнын 10 есеге дейін арттыру мүмкіндігін» атап өтті. Бұл депутаттың Қарағанды ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен өткізген кездесуі барысында негізгі көкейтесті мәселе болды. Олардың көбі 200 гектардан астам жерді жем-шөп және көкөністер өсіру үшін пайдалануда, алайда суармалы  санатқа жататын жерлерді мақсаты бойынша пайдалануға мүмкіндігі болмай отыр. Мұның басты себебі – су көзінен егістік алқабына дейін магистральды су құбырларының жоқтығы. «Осының салдарынан фермерлер құны артқан салықтан құтыла алмай, банкротка ұшырайды немесе бұл жерлерді мемлекетке қайтаруға мәжбүр болады деген қауіп бар», – дейді Г. Бижанова.

Депутаттың пікірінше, «лимиттелген субсидиялар мен сумен қамту тапшылығын реттеу, мемлекеттік қолдау формаларына бірыңғай қолжетімділік, ауыл кәсіпкерлеріне бизнес жүргізудің инновациялық тәсілдерін оқыту мәселелеріне» тез арада назар аудару қажет.  

Өсімдік өсірушілерді мазалап отырған тағы бір проблема – тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау ержелерінің өзгеруі. Бижанованың айтуынша, жаңа Ережелерге сәйкес, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер ұрықтану тұқымдарын минималды норма бойынша, яғни 1 га-ға 5-6 кг алуға құқылы. «Іс жүзінде мұндай норма арқылы шаруашылықты жеткілікті тұқыммен қамтамасыз ету мүмкін емес. Көптеген фермерлердің көпжылдық бірінші, екінші және үшінші ұрықтану тұқымдарын сатып алуға, жем-шөптік дақылдарға деген жоғары сұранысты өтеуге мүмкіндіктері жоқ. Проблеманы шешу үшін субсидиялар көлемін қайта қарау ұсынылып отыр», – деді депутат. Сонымен бірге, Г.Бижанова «ауылшаруашылық қожалықтарына мемлекеттік қолдау көрсету кезіндегі қайшылықтарға» назар аудартты. Себебі, «бүгінгі күні, негізінде, мемлекеттік қолдаудың түрлі формаларының 80%-ы бірнеше ірі агрохолдингке бағытталған».

«Субсидиялау және жеңілдіктер формаларының басты шарты – энергия үнемдеуіш және жаңа технологияларды пайдалану. Алайда, мұндай шығындарды тек ірі қожалықтардың қалтасы көтереді. Ал Қазақстандағы негізгі өнімнің 40-тан 60-ға пайызына дейін орта және ұсақ қожалықтар өндіреді», – деді депутат.

Г.Бижанова, сонымен бірге, «алшақ жатқан елді мекендерде практикалық тренингтер өткізу мүмкіндіктерін жасауды» ұсынды. Депутаттың пікірінше, ауылшаруашылық тауар өндірушілерінде «бизнесті жүргізудің жаңа инновациялық тәсілдерін өндірістен ажырамай қысқамерзімді оқу мүмкіндігі» жоқ екенін еске салды.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер