«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мерейтойға – 25 игілікті іс

2016 жылғы 23 Мамыр
- Павлодар облысы
13510 просмотров

Ертіс бойындағы іскер әйелдер Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 пайдалы іске кіріспек

Бұл туралы өңірдің іскер ханымдары Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықовамен болған кездесу барысында айтты.

Гүлшара Әбдіқалықова атап өткендей, әр сапарында әйелдер қауымымен кездесуді дәстүрге айналдырған. Оның үстіне, биыл, мерейлі жыл. Біздің ел Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өткелі отыр. «Іскер әйелдер қауымдастығы өзге қоғамдық бірлестіктермен бірлесе отырып, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап 25 пайдалы іс қылуға бекінген болатын», – деген Мемлекеттік хатшы өңірдің іскер ханымдарын осы іске жұмылуға шақырды.

Павлодарлық іскер ханымдар мұндай игі істен тыс қалмай, тәуелсіздік мерейтойына арналған 25 іс жасауға ниетті екендіктерін жеткізді. Олар міндетті түрде берген уәделерінде тұрмақ. Облыс әкімі Болат Бақауовтың сөзіне сенсек, Ертістің бойындағы нәзік жандар белсенді. «Олар ерлерден қалыс қалмай, өз өңірінің дамуына үлес қоса отырып ірі кәсіпорындарды, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарды басқарып отыр», – дейді өңір басшысы.

Мемлекеттік хатшымен болған кездесу барысында бизнес-бірлестіктердің басшы ханымдары өздерінің жеткен жетістіктерімен, болашақ жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, нәзік жандар кәсіпкерлігін қолдау мәселелері, дәстүрлі рухани және отбасылық құндылықтарды нығайту туралы сөз болды.

Өңірлік Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Райхангүл Сатабаеваның сөзінше, өңір әйелдері орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысуда белсенділік танытуда екен. Ол бүгінгі таңда өңір әйелдерінен ҰКП-ға 35 өтініш келіп түссе, оның ішінде 18 жоба мақұлданып, осыған орай жаңа кәсіпорындардың ашылуына 57,6 миллион теңге инвестиция тартылғандығын айтады. Өңірлік іскер ханымдар кеңесінің басшысы «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің І Конгресін өткізуге қолдау білдіргені үшін алғысын айтты.

Кездесуді қорытындылаған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова павлодарлық әйелдердің белсенділігіне, сондай-ақ, өңір дамуының қарқынына оң бағасын берді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер