«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ауылдағы ағайын, қалың қалай?

2016 жылғы 18 Мамыр
- Павлодар облысы
12889 просмотров

Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының басшылығы кәсіпкерлермен ашық әңгіме құру үшін аймақтағы бірнеше ауданда болып қайтты 

Жоспар бойынша алғашқы сапар Ақсу мен Железин ауданына жасалды. Облыстық Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Райхангүл Сатабаева аудан әкімдерімен, аудандық бөлімшелердің басшыларымен кездесіп, бірқатар кәсіпорынға бас сұқты.

Железин ауданында 30-дан аса қайта өңдеуші компания бар, оның басым көпшілігін наубайхана мен күнбағыс майын өндіруші цехтар құрайды. Сондай-ақ, былғары, макарон және шұжық цехтары жұмыс жасайды.

Жақында ғана ашылған «Рахат» дүкенінің қожайыны Г.Жүсіповаға ӨКП  Железин аудандық филиалы несие алуға және қажетті құжаттарды жинауға көмек көрсетті. Палата Т.Дүйсембаеваның иелігіндегі «Бірлік» шаруа қожалығына «Құлан» бағдарламасы бойынша қарыз алуға және бизнес-жоспар құруға көмек қолын созды.

Жолаушыларды тасымалдаушымен айналысатын железиндік кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар бағдарларға субсидия беру мәселесін көтерді.  Яғни, жергілікті атқарушы органдар тарапынан тасымалдауды орындауға қойылған тарифтік шығындар көлемі артып отыр, сондықтан, әлеуметтік бағыттағы тасымалдаушы компанияларға ережеге сай субсидия берілуі тиіс. Қазіргі таңда, аудандағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жолаушылар тасымалы бөлімі кәсіпкерлер үшін субсидия алуға қажетті құжаттар әзірлеп жатыр.

Ақсу қаласында болған Өңірлік кеңестің басшысына жергілікті кәсіпкерлер алкоголь ішімдіктерін сату үшін берілетін лицензияның сараланбау  мәселесін көтерді. Олардың сөзінше, шағын дүкенге де, айналымы жоғары дүкендер мен үлкен супермаркеттер үшін де лицензияның бағасы 200 000 теңге. Осы орайда, олар лицензия үшін төленетін төлемді саралаудан өткізу қажет деп есептейді.

Алдағы уақытта, Өңірлік кеңестің Төрайымы ауыл кәсіпкерлігінің мәселелерімен танысу үшін облыстың барлық ауданын аралап қайтпақшы. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер