«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Болашақпен» жарқын болашаққа!

2016 жылғы 31 Наурыз
- Павлодар облысы
13215 просмотров

Енді инженерлік-техникалық жұмыскерлер халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша білімдерін жетілдіре алады

Магистр дәрежесін иелену бойынша бұл санат ағымдағы жылдан бастап степендия тағайындау байқауына қатысудың жалпы ережелеріне енгізілді. Бұл жөнінде Кәсіпкерлер палатасының Павлодар облысында өткен жиынында «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы департаментінің директоры Ғайни Есембекова егжей-тегжейлі айтып берді.

Оның айтуынша, байқауға инженерлік-техникалық жұмыскерлер арасынан өндірістік процесті ұйымдастырумен және басқарумен айналысатын үміткерлер қатыса алады.

«Бұл санатты қосуға Қазақстанның заманауи экономикасына инженерлік-техникалық мамандықтардың маңыздылығы түрткі болды. Қатысу шарттары қарапайым: жоғары инженерлік-техникалық білім, соңғы 12 айды қоса есептегенде, өндірістегі жалпы өтілі 2 жылдан кем болмауы керек. Міндетті түрде жұмыс берушінің сұранымы болуы шарт. Бастапқы кезеңде тілдік курстар қарастырылады», – деп атап өтті Есембекова.

Айта кетерлігі, павлодарлық кәсіпорындардың жұмысшылары көбірек қызығушылық танытуда. Тіпті олардың арасында шет тілдерін еркін меңгергендері де бар. Олар тілдік курстарды оқымастан, бірден оқытудың екінші деңгейіне үміткер атанып отыр.

Жиынға қатысушылардың бірі Мүслім Акбаров өңірдегі өндірістік кәсіпорындардың бірінде жұмыс істейді. Болашақта шетелдік оқу орындарының бірінде магистратуралық білім алуды жоспарлауда.

«Кәсіпорында бірнеше жылдан бері жұмыс істей келе, білім деңгейін көтеру қажеттігін түсіндім. Басшылық менің талпынысымды қолдап отыр. Енді құжаттарымды жинап, жақын арада өтетін байқауға дайындықты бастаймын. Оқуды тәмамдаған соң, жұмыс орныма қайта оралып, алған білімімді өндірісті кемелдендіруге жұмсамақпын», – деп ой бөлісті стипендияға үміткер.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер