«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жас фермердің алғашқы жетістіктері

2015 жылғы 28 Желтоқсан
- Павлодар облысы
14897 просмотров

Ауылдық бизнесменнің өз еңбегімен ел экономикасына үлес қосуға болатынына сенімі мол

Лебяжі ауданы Щербақты ауылынан шыққан кәсіпкер Әкімбек Базылғазинов 2014 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 3 млн теңге мөлшерінде кредит алып, «Мырзабай» шаруа қожалығын ашады.

Жас кәсіпкердің айтуынша, шаруашылық ірі қара мал өсірумен айналысады. Жалпы жер ауданы 700 гектарды құрайды. Фермер санмен ғана айналыспай, мал басының сапасын да жақсарту керектігіне сенімді. Сондықтан да шаруашылықта симменталь тұқымдас етті-сүтті ірі қара мен қазақтың ақ бас сиыры өсіріледі. Шаруа қожалығы жұмысын 60 бас малмен бастаған, бірақ мақсатқа бағытталған еңбек нәтижесінде бір жылдың ішінде ірі қара мал басының саны 120-ға жеткізіледі.

2015 жылдың басынан бері жылқы саны 18, қой саны 20 болған. Оларды өсіру үшін де шаруашылықта аса жағымды жағдай жасалады. Жануарларға арналған азықты қожайындар толық көлемде жазда қамдап қойған.

Жас кәсіпкердің ойынша, бидай өсіруші диқандар, қаланы етпен және сүтпен қамтамасыз ететін мал өсірушілер мемлекет экономикасын нығайтуға үлестерін қосып жатыр. «Ауылдың болашағы жастарға байланысты екеніне сенімдімін. Ата-ана мен туған ауылымның алдында балалық борышымды үнемі еске алып отырамын», - дейді Әкімбек.

Кәсіпкер қайырымдылық іс-шараларына, ауыл өмірін жақсартуға бағытталған қоғамдық істерге белсене ат салысады. Ол мектеп асханасына және аз қамтылған отбасыларға етті-сүтті өнім ұсына отырып, қаржылай қолдау түрінде көмек көрсетеді.

Әкімбек шаруашылығын кеңейтуді, жұмыс орындарының санын көбейтуді жоспарлап жүр. Қазірде шаруашылықта одан басқа екі адам жұмыс жасауда. Кәсіпкер жануарларды өсіруге және семіртуге арналған қосымша кешен салуды жоспарлауда. Фермер Ақмола облысында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытумен айналысатын «KazBeef Ltd» ЖШС-мен бірлескен ынтымақтастық туралы шарт жасаспақшы.

Үстіміздегі жылдың қараша айында Әкімбек Кәсіпкерлер палатасы мен Павлодар облысы Жастарға қызмет көрсету орталығы ұйымдастырған «2015 жылдың үздік кәсіпкері» облыстық байқауына қатысты. Байқау қорытындысы бойынша Әкімбек Базылғазинов «Ауыл шаруашылығы саласындағы үздік жас кәсіпкер» номинациясында марапатталды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер