«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Нұрсұлтан Назарбаев: «Индустрияландыру еңбек өнімділігін арттыруға мүкіндік береді»

2015 жылғы 11 Желтоқсан
9906 просмотров

Астанада Индустрияландыру күнінің аясында жалпы ұлттық телекөпір өтіп, оның барысында Мемлекет басшысы онлайн режимде Индустрияландыру картасындағы 16 жаңа нысанды іске қосты

Бүгін ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев іске қосқан алғашқы индустриялық-инновациялық нысандардың қатарында Павлодар облысындағы коксты қайта өңдейтін мұнай химиясы өндірісі тұр. Қазақстанның бірде бір кәсіпорнында кездеспейтін жаңа жабдық Павлодар мұнай-химия зауытынан алынған шикі мұнай коксын қыздырудың жоғары деңгейіне жетуге мүмкіндік береді (Цельсий бойынша 1250-1350 градус).

Қайта өңделген кокс бұрын қытайлық коксты сатып алып жүрген Қазақстандық электролиз зауытына таптырмас шикізат болғалы тұр. Кәсіпорын қуаты (жыл сайын қыздырылған 250 мың тонна өнім) мұнай коксын шетелге экспорттауға мүмкіндік береді. Жоба құны - 23 млрд теңге. Кәсіпорында 309 адам жұмыс жасайтын болады.

Мемлекет басшысы іске қосқан келесі жоба Алматы облысындағы фармацевтика зауыты. Аталмыш зауыттың іске қосылуы дәрілік өнімдерді импорттауды қысқартуға және фармацевтиканың 10 пайызға дамуына мүмкіндік береді.

«Глобал Фарм» компаниясы түрік фармацевтика секторының көшбасшысы - «Абди Ибрагим» компаниясымен бірге салған зауыт жылына 1,5 млрд таблетка мен капсула шығарып,  номенклатура 200 атауға кеңейтілмекші.

Ақтөбе облысында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен құрылысына 2 млрд теңге салынған ет өңдеу зауыты іске қосылды.  

Өндіріске енгізілген ең соңғы еуропалық технология шикізатты қайта өңдеу процесінің өн-бойын толығымен автоматтандыруға мүмкіндік беріп, өнімнің 60%-ы Ресейге экспортталатын болады.

Сонымен қатар «Радуга» ЖШС жылдам тамақтану өнімдерінің өндірісі іске қосылды. Аталмыш өндіріс Ресейден келетін импортты қысқартып, құрғақ таңғы ас, жүгері қауызын шығармақшы. Кәсіпорын жылына 430 тонна тағам өндіретін болады. 32 адам жұмыспен қамтылады.

Телекөпір барысында Қостанай облысында модернизацияланған құс фабрикасы іске қосылды. Заманауи технологиялардың арқасында жұмыртқаны жинау және сұрыптауға кететін уақыт 3 есе қысқарып, кәсіпорын жылына 250 млн данаға дейін жұмыртқа өндірмекші, сонымен қатар еңбек өнімділігі үш есе ұлғайтылады. Өнім Қазақстан өңірлеріне ғана емес, көршілес Ресейге де жеткізілетін болады.

Бүгін Ақмола облысында етті бағыттағы жаңа өндіріс ашылды. Фабрика жылына 20 мың тонна салқындатылған ет және 300 тонна терең өңбеу өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр. Кәсіпорын елорданы 100% құс етімен қамтамасыз етіп, Қазақстанға импорттық еттің әкелінуін 15% қысқартады.

Атырау облысында жүнді қайта өңдейтін фабрика жұмысын бастайды. Ол жылына 100 тоннаға дейін түйе жүнін және 350 тоннаға дейінгі қой жүнін өңдемекші.

Қызылордада жылына 35 мың тонна шаршы метр каркасты панель үйлер салатын тұрғын үй-құрылыс комбинаты іске қосылды. Кәсіпорында жоғары сапалы неміс жабдығы қолданылады.

Оңтүстік Қазақстан облысында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы аумағында оңтүстік-кореялық технологиямен жылына 16 млн бірлік өнім өндіруді жоспарлап отырған шұлық-ұйық фабрикасы жұмысын бастайды.

Телекөпір барысында сондай-ақ жел электр станциясы, дизельді қозғалтқыштар өндіретін зауыт, тау-кен байыту кәсіпорындары іске қосылды.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «өзгерген ішкі және жаһандық трендтер негізінде индустрияландыру бағдарламасын өзектілендіру маңызды».

«Алда атқарар дүниеміз жеткілікті. Біріншісі: өзгерген ішкі және жаһандық трендтер негізінде индустрияландыру бағдарламасын өзектілендіру маңызды. Атап айтқанда, индикаторлар санын азайту қажет. Халыққа жолдауымда айтқанымдай, басты көрсеткіш небәрі үшеу – еңбек өнімділігі, экспорт көлемі, негізгі капиталға инвестиция тарту. Осы бойынша жұмыс жүргізіп, дербес жауапкершілік жүктеу және талап ету керек», - деді Мемлекет басшысы.

Елбасы баса көрсеткендей, 16 жоба үш мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, 3300 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды.

ҚР Президентінің айтуынша, аталмыш жобалар Қазақстанның өнеркәсіптік өндірісінің сегіз перспективалы саласында жүзеге асырылуда. Екі кәсіпорынның әрқайсысы жыл сайын орташа алғанда 81 млрд теңге сомасына өнім өндіретін болады.

Мемлекет басшысы атап өткендей, биылғы жылы жаһандық дағдрыстың жағымсыз әсерлеріне қарамастан, қазақстандық өңдеуші өнеркәсіп былтырғы жылға салыстыра қарағанда жалпы өсім беріп отыр.

«Бұл жағдай ұлттық экономика дамуының оң қарқынын сақтауға септігін тигізеді. Индустрияландыру нақты еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Біз өнімділікті 10 жылда 2 есеге ұлғайту жөніндегі мақсатымызды орындауға жүйелі түрде жақындап келеміз. Қазіргі кезеңде бұл көрсеткіш 1,6 есе өсті, яғни ойдағыдай өркендеп келеміз. Бұл көңіл қуантады», - деп қорытты Нұрсұлтан Назарбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер