«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ғани Қасымов: «41,7 млрд теңгеден астам сомада кәсіпкерлердің мүліктік құқығы қорғалды»

2016 жылғы 28 Желтоқсан
12318 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Ғани Қасымов 2016 жылдың қорытындысында іскерлік саладағы құқық бұзушылық туралы баяндап, кеңес жұмысының нәтижесімен таныстырды

- Ғани Ескелдіұлы, Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің жұмысы туралы айтып өтсеңіз...

Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің құрылғанына 3,5 жылдан аса уақыт болды. Республикада кеңестің желісін құра білдік. Орталық кеңестен бөлек, әрбір облыс орталығында өңірлік кеңестер жұмыс істеп жатыр. Кеңес құрамында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің әрқайсысынан 2 депутаттан, Бас прокуратура мен Мемлекеттік қызмет пен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттік басшыларының орынбасарлары, заңгерлер бар. Осы уақыт ішінде 333 жиын өткізілді. Оның ішінде 299 отырыс аймақтың кеңестерде ұйымдастырылса, 34 жиын орталық кеңесте өтті. Орталық кеңес мамандары еліміздің өзге аймақтарына барып, өңірлік палаталарда кеңес отырыстарын өткізеді. Мысалы, осы 2016 жылы Орталық аппараттық ұйымдастырған 8 отырыстың 5-еуі өңірлерде болды. Кәсіпкерлер тарапынан түсетін өтінімдерді қарап, мәселені шешуге біліктілігі жоғары 115 заңгер қызмет етеді.

Кәсіпкерлерден түскен өтінім көрсеткіші қандай? Кәсіпкерлер кеңестің шарапатын көріп отыр ма?

Шынайы көмекке қажеттілік туынамаса, сенім болмаса өтінім түспес еді. Уақыт өткен сайын өтінімдер саны артып барады. Әрине, кәсіпкерлер тарапынан берілген сенім қуантады, бірақ, олардың ісіне келтірген кедергілерге қарап қынжыламын. Мысалы 2013-2015 жылдар аралығында бизнесті қорғау бойынша 10 011 өтінім түскен. Оның ішінде палатаның орталық аппаратына – 2 604, өңірлік палатаға 7 407 өтінім келген. Ал, 2016 жылы 5 419 өтінім бизнесті қорғау мәселесін көтерген. Орталық аппаратқа – 1 466 өтінім түссе, сәйкесінше өңірлерге 3 953 өтінім жазылған.  Осы жылы 37 мәселе қаралып, оның ішінде 19-ы оң шешімін тапты, яғни 51%. Қалған 18 өтінім қаралуда, әлі аяқталған жоқ. Бизнесті қорғау бойынша бақылау жұмысын Кәсіпкерлердің құқығын қорғау департаменті айналысады. Осы бір ғана департаменттің өзіне осы жылы 956 өтінім түскен, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 46%-ға көп, себебі өткен жылы 518 өтінім болған екен. Ал жалпы осы үш жарым жыл ішінде 15 430 өтінім бизнесті қорғау мәселесіне арналған. Осыдан-ақ, кәсіпкерлердің мәселесі қиын екенін, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысы күрделі екенін байқауға болады. Келіп түскен өтінімдердің 40-50 пайызға жуығы оң шешімін табады. Бірақ, үсті-үстіне түскен өтінімдер саны жұмыс нәтижесінің пайыздық көрсеткішін арттырып отырған жоқ. Себебі, әрбір мәселе бүге-шігесіне дейін тексеріледі. Оған уақыт кетеді. Бірақ, білікті мамандар аянып қалмайды.

Сауалдарға қарай отырып, ең түйткілді мәселелерді атап өте аласыз ба?

Әрине, кеңес жұмысында арнайы мониторинг жүргізіледі. 2016 жылы өтінімдер ішінде ең көп қозғалған мәселе салық салу бойынша – 14%, сатып алу – 13%, жер мәселесі – 12% құрайды. Ал өтінімнің 10% кәсіпкерлер арасындағы азаматтық-құқықтық дауға бағытталған. Өтінімдердің 6 пайызы сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен бизнесті заңды қолдау мәселелеріне арналса, ауыл шаруашылығы мәселесі 5% құрады. Осы көрсеткіштердің ішінде салық салуға қатысты өтінімдердің көптігі елде шешілуіге тиісті мәселелердің көптігін көрсетелі. Үкімет Салық кодексін қайта қарау туралы шешім қабылдады. Алдағы уақытта тұңғыш рет Салық кодексін қарауға кәсіпкерлер араласады. Себебі, бұл уақытқа дейін кабинеттік жүйемен шешіліп келген еді. Көптеген сауалдар мен арыздардың нәтижесі кәсіпкерлердің пікіріне құлақ асу керектігін көрсетеді. Осы жерде Кәсіпкерлер палатасының көмегі зор болмақ. Біз өзімізге келіп түскен өтінімдерді Үкіметке жолдаймыз. Сонымен қатар жер мәселесінде де шешілуі тиіс сауалдар өте көп. Құрылысқа, ауыл шаруашылығына секілді бөлінген жерді тіркеу өте қиын. Құжаттарды реттеуге 120-140 күн кетеді. Бұл тым ұзақ. Тіпті, мамандар құрылыстың өзіне кететін уақыт екі есе аз екенін есептеп шығарды. Сондықтан, осы мәселеге де көп көңіл бөлінуі керек.

Кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша жасалған жұмыстың нәтижесі қандай?

«Бизнесмендерден түсетін арыз-шағымдарды қарап, зерттеп, қарар қабылдайсыздар, кеңес беріп, қорытынды шығарасыздар, нәтижесі қандай?» деген сауал әрине туады. Ұлттық палата заңгерлерінің мұқият жұмысының нәтижесінде 41,7 млрд теңгеден астам сомада кәсіпкерлердің мүліктік құқығы қорғалды. Әрбір жылға шаққанда 2014 жылы – 8,4 млрд, 2015 жылы – 14,4 млрд, 2016 жылы – 18,9 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіштердің ішінде тоқтатылған айыппұл, өсімақы, мемлекеттік органдар тарапынан қайтарылған қаражат, сонымен қатар сақталып қалған бизнес мүлігінің құны бар. Сонымен қатар, Ұлттық палатаның өтініш жасауымен Бас прокуратурамен бірлескен іс-қимылдар науқанында 16 қадағалау/кассациялық наразылық өтінімдер берілді. Әрине, бұл – кәсіби мамандардың еңбегі. Оларға «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесіне түскен мәселелердің шешілуіне, әсіресе кәсіпкерлер үшін оң болуына атсалысқандарына алғыс білдіремін.

Осы жылы Кеңесте қаралған мәселелерден ауқымды, күрделі дегендерінен мысал келтіре кетсеңіз...

Биылғы жылы да күрделі мәселелерді талқыладық, оң шешім тапқанын қаладық, сол үшін мамандар жан-жақты зерттеулер жүргізді. Солардың бірі «ТОП ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мәселесі. Көкшетау қалалық құрылыс бөлімі аталған компанияға 130 млн теңгеден астам қаражат берешек екен. Келісімшарт ойынша жұмыс атқарылған, бірақ ақша төленбеген. Қаржы түспеу жұмысшыларға ақы төлемеу деген сөз. Соның кесірінен ілеуметтік қиындықтар туындайды. Кеңестің Көкшетауда өткізілген жиынында талқылап, оң шешіп, бүгінде бұл қаражат қайтарылды. Бірақ, бұл қайтарылмаған қаржының басы ғана екен. Тексере келе әлі 270 млн теңге қайтарылу керектігі анықталды. Осылайша жұмыс жалғасып жатыр. Сонымен қатар, Алматы қаласында жеке кәсіпкер Гүлнар Төлендиева ұзақ уақыт бойы дүкен құжатын реттей алмаған. Себебі жер «қызыл жолаққа» түсіп тұр екен. Сонау 2000-жылдардан бері қарай шешілмей келе жатқан мәселе. Алматы қаласы әкімдігі басқаша жолмен шешуді, яғни басқа аумақтан жер бөлуді ұсынды. Бұл да болса бір жетістік. Себебі, кәсіпкер дүкенінен толық айрылып қалмады, тек басқа жерден аша алады. Тағы бір қаралған үлкен мәселе –Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы салық салу. Шахтинск қаласындағы әкімдік қарамағындағы елдімекендерге жер салығы 1 кв/м 8 теңгеден салынып келген. Алайда елді мекен ретінде 1 кв/м 1 теңгеден де аз болу керек. Ал алкоголь өнімдерін сатуғаны үшін лицензия алымы елді мекенге бекітілген бойынша жүргізілген – 100 айлық есептік көрсеткішке дейін. Қарағанды облысының прокуратурасы Мемлекеттік кіріс департаментінің басшысына осы мәселелерді шешуге ұсыныс берді. Нәтижесінде, лицензия алымына төленген артық ақша алдағы уақыттың төлеміне есептелетіні белгілі болды. Бірақ тағы бір үлкен мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Тексеру жұмыстары жүріп жатыр. «Саутс-Ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне салық төлеуден жалтарды деген айып тағылып, 201 жылы қылмыстық іс қозғалған. Мемлекеттік органдар 90 млн теңгеден астам салық төленбеген, оның үстіне 207 млн теңге өсімпұл салынғанын анықтады. Бірақ кәсіпорын шешіммен келіспей, арызданды. Қызылорда қаласының прокуратурасы іспен танысып, тергеу органдарының ісінен заң бұзушылықтарды анықтап, істі қайта қарауды тапсырды. «Саутс-Ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұл мәселесі осы жылдың наурыз айында Кеңес отырысында талқыланды. Қазіргі таңда Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитетінің қарауында жатыр, толық шешім әлі шыққан жоқ.

Қалалық жерде кәсіпкерлер қайда шағымдану керек екенін білсе, өңірлердегі кәсіпкерлер мемлекеттік органдармен көп байланыса бермеуді қалайды ма?

Жоғарыда атап өткен мәліметтер Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің жұмысын ғана көрсетпейді. Жыл сайын келіп түскен арыз-шағымдардың саны артып отырғаны – кәсіпкерлердің әділдік іздейтіндіктерінің бір белгісі. Еліміздің қай аймағын алсақ та, шешілуі тиіс мәселелер көп. Тек бір аймақта көп, кей аймақта аз.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесімен айналыса отырып, қандай күрделі жайтқа назар аударар едіңіз?

«Атамекен» ҰКП-мен Қылмыстық кодекстен «Жалған кәсіпкерлік» бабын алып тастау туралы сан мәрте ұсынылған болатын. Өкінішке орай, көбінде осы бабтың салдарынан заңды бұзбайтын адал кәсіпкерлер, яғни жалған кәсіпорын боп танылған компания котрагенттері зардап шегеді. Бұл сұрақ бойынша бас прокурор біздің айтқанымызды қолдап, 4 бірдей кассациялық наразылық бойынша өзгертулер енгізді. Жалған кәсіпкерлік жоқ емес бар, алайда алаяқтармен өзге тәртіпте, адамдарға залалы тимейтіндей, басқа тетіктер арқылы күресу керек. Кеңесте қаралған әрбір арыз-шағым толық шешімін тапқанға дейін назарға алынады. Біздің жұмысымыздың нәтижесі Салық кодексін қайта қарауға база болады. Кәсіпкердің жұмыс істеуіне кедергі келтіретін заң болмау керек. Адамның құқығы қорғалу керек. Осы Кеңеске төрағалық ете отырып, бізге Салық кодексін ғана емес, Құқық қорғау органдарының заңдарын да қайта қарауды ұсынамын. Құқық қорғау органдары мараторий жарияланған уақытта істі тоқтатып, кейін уақыт біткенде қайта кіріседі. Соншама тексерушілер құқығын алып тастау керек деп есептеймін.

 

Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан Қарлыға Телман


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер