«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесмен болу оңай ма?

2016 жылғы 01 Наурыз
- Павлодар облысы
17088 просмотров

Павлодар облысында Кәсіпкерлікті қолдау орталығындағы Бизнес-мектепте жаңа оқу жылы басталды. Былтыр онда 825 адам білім алып, 241 қатысушы біліктілігін арттырған. Курсты аяқтаған қатысушылар өз бизнестерін ұлғайтып, жаңа іс ашуды бастап кеткен.

Өңірлік палата бизнесті дамытуға қолайлы жағдайлар жасау жұмыстарын жалғастыратын болады. Биылғы жылы кәсіпкерлік негіздеріне 700-ден астам бастаушы кәсіпкер оқытылмақ.

Толығырақ Өңірлік палата директоры Райхангүл Сатабаеваның palata.kz сайтына берген сұхбатында айтылады.

– Райхангүл Қайырбаевна, бүгінгі күні өз бизнесіңді ашу қаншалықты күрделі?

– Егер адамның ниеті мен нақты идеялары болса, мұның айтарлықтай қиындығы жоқ. Бүгінде кәсіби бастамасы бар адам үшін барлық жағдай жасалған. «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту жол картасы –2020», «Агробизнес – 2020», «Кәсіпкер» секілді т.б. бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламалары жұмыс жасауда. Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанында кәсіпкерлікті қолдау орталықтары құрылып, бүгінде олар нәтижелі жұмыс атқаруда. Оған бастаушы кәсіпкерлер мен өз ісін кеңейтпек ниеттегілер жүгініп жатады. «Бизнес-мектеп» жобасы аясында орталықтарда кәсіпкерлік негіздері мен нарықтағы бәсекелестік жағдайында бизнесті сенімді жүргізу жолдары тегін оқытылады.

– Қандай іспен айналысқан тиімдірек?

– Бұл сұраққа біржақты жауап беруге болмас. Әркім жанына жақын іспен шұғылданады. Біздің міндет – адамды бағыттау, кәсіпкерлік қабілеттерді дамыту, әрекеттегі бизнесті кеңейтуге көмектесу. КҚО оқыту бойынша жүргізілген зерттеулер нәтижелеріне қарасақ, 2015 жылы Павлодар облысындағы «Бизнес-мектеп» қатысушыларының көп бөлігі, яғни 38%-ы қызмет көрсету саларынан болса, аз бөлігі, 16%-ы ауыл шаруашылығы саласынан болған. Сонымен бірге «сауда» мен «өндіріс» саласының өкілдері  26%-дан теңдей бөлінді.

– Өз ісін бастамақшы болған адам бизнес бағытын таңдап, Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарына барып оқыды делік. Бірақ ол идеяны іске асыруға қаржыны қайдан алуға болады?

– Мен айтып өткендей, бастаушы кәсіпкерлерге қаржылық қолдау көрсетуді қарастыратын мемлекеттік бағдарламалар бар. Әлеуетті кәсіпкер өз жобасын бірнеше кезең бойынша қорғап шыққан соң, қаржыландыруға оңай қол жеткізе алады. Бұл гранттар, шағын несиелеу және қаржылық институттар бағдарламалары бойынша қаржыландыру. Жүзеге асқан жобалар аз емес. Оның арасында біздің өңір үшін бірегей жобалар бар. Мәселен Успен ауданында Қазақстанда ғана емес, Ресейде де сұранысқа ие болып отырған балалар киімі өндірісі қолға алынды. Өндіріс басшысы біздің орталыққа келіп оқып, жобасы аяққа тұрғанша толықтай қолдауға ие болды. Біз «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы арқылы несие алуға көмектестік. Бүгінде өндірісте түрлі жастағы балаларға арналған киімнің 200 түрі шығарылады. Сонымен бірге Орталықта курстан өткен Қашыр ауданының кәсіпкері «Кәсіпкер» бағдарламасы бойынша шағын несие алып, азық-түлік сататын дүкен ашты. Онда ол дайын өнімдер мен жартылай фабрикаттар сатады. Болашақта бизнесмен осы бағытта цех ашпақшы.

Кәсіпкерлер палатасы бизнес-жобаларды қаржыландыра ма?

– Жоқ. Біз бизнеске қаржылай емес жан-жақты қолдау көрсетеміз. Дегенмен біз бизнес үшін қаржыландыруды қолжетімді етуге тырысамыз. Мәселен, «Атамекен» Палатасы жақында ғана шағын кәсіпкерлікті шағын несиелеу бағдарламасын іске қосты. Яғни Палата «АЛМЭКС» компаниялар тобымен келісімге отырып, олардың жеке капиталынан 1 млрд. 200 млн. теңге тарту арқылы кәсіпкерлер шағын несиелер ала алатын болды. Келісім меморандуммен бекітілді. Бұл бизнеске берілген үлкен мүмкіндік. Сондай-ақ кәсіпкерлерге қатаң талаптар да қойылмайды. Қаржыландыру кепіл құнына қатысты ешқандай шектеулер қоймайды, яғни кепіл құны несие көлемін жабу керек деген шарт міндеттелмеген. Шағын несиелер 3 жылға 6-7%-бен берілетін болады. Қаржылық көмекті өз ісін кеңейтпек болғандар да, жаңадан іс ашпақ болғандар да ала алады. Несие тарихы бойынша да ешқандай шектеу жоқ. Бүгінгі күні пилоттық жобалар еліміздің төрт облысында іске қосылмақ. Олар Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау және Алматы облыстары.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер