«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Павлодарда «Бизнес–Кеңесші» оқыту курсы басталды

2018 жылғы 07 Ақпан
- Павлодар облысы
7829 просмотров

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында кәсібін енді бастаған және жеке бизнеспен айналысуды қалағандар қажетті білім алуларына мүмкіндік бар

Биыл бірінші рет «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Бизнес Кеңесші» курсы басталды. Өңірлік палатаның бизнес-жаттықтырушысы Қуаныш Досмағұловтың айтуынша бизнес туралы білім жинақтауға ниетті жандардың қатары жылдан жылға артып отыр. Былтыр «Бизнес–Мектеп» курсынан 1000-нан аса тұрғын білім алған.

«Сабақта коммуникация, нетворкингті үйретеміз. Кәсіпкер сияқты ойлауды қалыптастырамыз. Бизнесте жеке брендті қалыптастыру маңызды. Тыңдаушылар бюджеті арзан жиырмадан астам маркетингтік шешімдерді тегін алады», – дейді Қуаныш Досмағұлов.

Оқу барысында бизнес-жоспар құру, мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға арналған шаралар, орын алуы мүмкін қауіптер жайлы толық ақапарат беріледі.

Мұнымен қоса, білім алуға келген әрбір қатысушыға бизнесті жүргізу негіздерінің материалдары, стандартты құжаттар пакеті, бизнес-жоспарлар, қаржы алуға қажетті құжат үлгілері, маркетингтік зерттеу нәтижесі, инновация енгізудегі халықаралық тәжірибе, шағын кәсіпкерлік ашу идеялары беріледі.

«Қазіргі таңда кәсіпкерлікке қызығушылық артып отыр. Жастар ғана емес, жасы үлкен жандар да жеке кәсіп ашуды ойлап жүреді. Көп жағдайда қалыптасқан бизнес-идеясымен келетіндер де бар. Бизнес-идеясы болсама нарыққа қажетті саланы анықтап, бизнес-жоспар құруды үйретеміз, адам ресурсын басқару туралы айтамыз. Былайша айтқанда кәсіпкерліктің артық-кемшілігін тануды үйретеміз. Тыңдаушыға ең алдымен сенім ұялату маңызды. Бастапқы қадам жасау қашан да қиын емес пе?!» – дейді бизнес-жаттықтырушы.

«Бизнес–Кеңесші» қысқа мерзімді курсынан өткеннен кейін тыңдаушылар «Бизнес–Өсу» оқуынан және тәлімгерлік қағидасын қолданатын жобалық оқудан өте алады.

«Кез келген істі білім жинақтай отырып бастау қажет. Кәсіпкерлікке де қатысты. Кәсіпкерлер палатасына 660311 (ішкі нөмір 5517) телефоны арқылы немесе аудандар мен қалалардағы палата филиалдарына хабарласып, оқуға жазылуға болады», – деді Қуаныш Досмағұлов.

Жыл бойы курс облыс орталығында ғана емес, аудандар мен қалаларда да оқытылады. Оқыту тегін, аяқталғаннан кейін сертификат беріледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер