«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Конкурста көрсетілген қысқа уақытта жайлы мектеп салу мүмкін емес – құрылысшылар

2023 жылғы 19 Қаңтар
6764 просмотров

Дереккөз: liter.kz

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру үшін 35 жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жөніндегі жұмыстарды орындауға мердігерлерді таңдау жөніндегі конкурстағы талаптар бизнестің наразылығын тудырды. Бүгін ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің алаңында «Атамекен» ҰКП, бизнес-қоғамдастық және мемлекеттік органдардың өкілдері жайлы мектептер салу бойынша сатып алу шарттарын талқылады.

Жарияланған байқауға сәйкес жобалау-сметалық құжаттама осы жылдың 31 наурызына дейін дайын болуы шарт. Ал құрылыс қағидаларына сәйкес (ҚР ҚҚ 1.02-110-2013)  300-1200 орындық мектеп салуға жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау мерзімі 9 айды құрайды.

«Конкурста жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 31 наурызға дейін уақыт берілген. Бұл қисынсыз. Мерзімге қатысты талап қолданыстағы заңнамаға түбегейлі қайшы келеді», – дейді Республикалық жобалаушылар одағы төрағасының орынбасары Миуаш Бисарова.

Бұл ретте, бизнестің кейбір өкілі «Samruk-Kazyna Construction» бәсекелестікті арнайы шектеді деп күдіктенді.

«Жайлы мектеп» жобасы бойынша жобалауға қатысты бәсекелестік айтарлықтай шектеулі. Конкурсқа қатысушылар үшін берілген мерзімдер нақты емес және мұндай мерзімдер тиісті құжаттаманы әзірлеп жатқан немесе құжаты дайын адамдар үшін әдейі дайындалған сияқты», – деп санайды Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығының төрағасы Виктор Микрюков.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер құрылыс-монтаждау жұмыстары сатысында техникалық қадағалауды жүзеге асыру бойынша бірқатар мәселе барын айтты. Кәсіпкерлер «Samruk-Kazyna Construction» АҚ өзінің «СК Девелопмент» ЖШС еншілес компаниясынан бизнес үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін қандай да бір конкурстық рәсімдерді қолданбай, техникалық қадағалау бойынша инжинирингтік қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруды жоспарлап отыр деп аландайды.

«Біз, техникалық қадағалау қызметінің өкілдеріміз, «Samruk-Kazyna Construction» осы мәселелердің барлығын бәсекелестік ортаға бермейді деген мәселені заңдық негізде көтергіміз келеді.  «Samruk-Kazyna Construction» мемлекеттік сатып алу туралы, квазимемлекеттік сектор туралы заң, кәсіпкерлік кодексте бәсекелестікке қарсы іс-қимылдардың барлық белгілері нақты жазылған нормаларды бұзады», – деп бөлісті Қазақстан өұрылысшылар одағының мүшесі Бақытжан Балабатыров.

 Қазіргі кезде Қазақстанда техникалық қадағалау жүргізетін 3 мыңнан аса компания тіркелгенін атап өткен жөн.

 «Қазір техникалық қадағалауды бәсекелестік ортаға бермеген жағдайда, «СК Девелопмент» ЖШС-нің үлестес еншілес компания іс жүзінде орындалған жұмыстардың көлемін растайтап отырады. Осылайша тікелей сыбайлас жемқорлық тәуекелдері пайда болады. Бұл компания оператордың тікелей қысымында болады. Тиісінше, олар нақты орындалмаған жұмыс көлеміне қол қояды. Жайлы мектептерді салуға бөлінген бюджет қомақты. Бұл ақшаның бәрі ақыр соңында жойылып кету қаупі бар. Тәуелсіз техникалық қадағалау институты жүзеге асырылмайды», – деп атап өтті Бақытжан Балабатыров.

 ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметовтың айтуынша, мұндай кеңестер мемлекеттік сатып алуға қойылатын талаптар, тиісті нұсқаулықтар мен әдістемелерді әзірлеу кезінде бизнестің пікірін ескеру үшін тұрақты негізде өткізілуі қажет.

Сондай-ақ, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бизнестің барлық айтылған ұсынысы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ға жіберілетініне уәде берді.

 

Анықтама:

«Жайлы мектеп» білім беру саласындағы ұлттық жоба ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы қаулысымен бекітілді.

Осы жобаны іске асыру бойынша бірыңғай оператор ретінде «Samruk-Kazyna Construction» белгіленді. Жобаны іске асыруға Ұлттық қор қаражатынан 2,1 трлн теңге бөлінді.

«Samruk-Kazyna Construction» 12 қаңтарда өз сайтында жалпы сомасы 5,1 млрд теңгеге «жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру үшін 35 жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша жұмыстарды орындауға мердігерлерді таңдау бойынша конкурс жариялады.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер