«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкентте тәртіпсіздіктерден зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеуге көмек дайын

2022 жылғы 28 Қаңтар
- Шымкент қаласы
10293 просмотров

Тәртіпсіздіктер салдарынан залалды өтеуге келіп түскен өтінімдердің басым бөлігіне түзетулер енгізілуі керегі анықталды.

Бүгінге Шымкентте InfoKazakhstan порталы арқылы 10 кәсіпкер қажетті құжаттар мен өтінімді берген. Бірақ олардың басым бөлігі қате толтырылып, кері қайтарылған. Сондықтан Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен кәсіпкерлердің барлығын жинап,  өтінішті қалай дұрыс беру керегін егжей-тегжей түсіндіріп, осы тақырып бойынша барлық сұраққа жауап берді. ӨКП заң бөліміне кәсіпкерлерден келіп түскен қоңыраулар көлеміне қарап, сұрақтар көп екенін білуге болады.

Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сабира Атамбекованың айтуынша, тәртіпсіздік барысында ШОБ субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды анықтау жөніндегі өңірлік комиссияны 21 қаңтарда Шымкент қаласының әкімдігі құрған. Кәсіпкерлер келіп түскен құжаттарды InfoKazakhstan порталына рұқсат берілген хатшы тағайындалды. Әкімдік 3 бағалау компаниясын анықтады, олардың тізбесі қала әкімдігінің сайтында және InfoKazakhstan порталында жарияланған.

 «Залалды өтеуге үміткер 34 нысанның 15-іне бағалау жүргізу қажет. Бүгінде 10 өтінім жіберілді. Іс жүзінде олар 4 кәсіпкерлік нысаны: компаниялардың біреуі өтінімді төрт рет берген (себебі ЭЦҚ кілтін жаңарту керек болған), сонымен қатар зардап шеккен нысандар қатарында жоқ 2 компания бар. Өтінімдер қалай болса солай толтырып жатыр. Кейбір кәсіпкерлер жеке кәсіпкерлік немесе ЖШС анықтамасы және басқа қажетті деректерді көрсетпей, оқиға орнынан фото және видеожазба ғана жіберген. Біз өтінімдерді мұқият толтыруды сұраймыз», – деп атап өтті Залалды өтеу бойынша өңірлік комиссияның хатшысы Үсен Исаев.

 Сарапшының айтуынша, InfoKazakhstan порталында өтінімді қалай толтыру керегі туралы түсінікті нұсқаулық бар. Бұдан бөлек, бірінші қабаттағы фронт-кеңсеге әкімдік екі кеңесшіні бөлді. Мамандар өтінімді толтыру, құжаттарды жүктеуге көмектеседі.  

 «Өңірлік комиссиялар залалды өтеу туралы өтініштерді күнтізбелік бес күн ішінде қарайды. Өтінім мақұлданған жағдайда ұсынылған мәліметтер мен құжаттар негізінде өңірлік комиссия айқындайтын мөлшерде қаражат бөлу туралы шешім шығарылады. Өтініш беруші тиісті шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде қаражатты алады. Бірақ біз мұның бәрін қысқа мерзімде жасауға, тіпті бүгін де төлемдерді бөлуге дайынбыз. Қалғаны сіздердің қолыңызда – өтінімді дұрыс ресімдеңіз», – деді Үсен Исаев кәсіпкерлерге.

 Кездесуге бағалау компанияларының өкілдері де қатысып, кәсіпкерлердің жылжымалы және жылжымайтын мүлік, бүлінген және ұрланған тауарлар мен жабдықтарға қатысты сұрақтарына жауап берді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер