«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Павлодар облысының өңірлік іскер әйелдер кеңестері

Сатабаева Райхангүл Қайырбайқызы 

Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы


Сатабаева Райхангүл Қайырбайқызы – Павлодар облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы

1959 жылы Павлодар облысында дүниеге келген

  • Қарағанды кооперативті институтын «Азық-түлік тауарларының тауартанушысы» мамандығы бойынша, Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

  • Еңбек жолын 1978 жылы Облыстық тұтынушылар одағының Сауда базасында бастаған, онда тауартанушы-брокерден бастап азық-түлік тауарлары бөлімінің бастығына дейінгі барлық кезеңдерді жүріп өткен.

  • 1994-2013 жж. – Павлодар облысы Сауда-өнеркәсіп палатасы Төралқа төрайымы

  • 2012 жылы Павлодар облысы қалалық мәслихатының V шақырылымына депутат болып сайланды.

  • 2012 жылдың шілде айынан 2013 жылдың шілдесіне дейін – «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП» ЗТБ Павлодар облысындағы филиалының директоры.

  • 2013 жылдың қараша айынан 2016 жылдың наурызына дейін – Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры.

  • 2016 жылдың наурыз айы – Павлодар облысы Өңірлік кеңесінің төрайымы болып сайланды.

Уақыты келді, бастау керек!

Жеке бизнесін ашуды ойлап жүрген жас кәсіпкер өзін-өзі дәл осылай қайраған

Жібек Ердәулетова өмірінің біраз жылдарын мемлекеттік қызметке арнаған. Бірнеше жыл бұрын отбасы мүшелері ақылдасып, ауылға көшіп, жеке кәсіп ашуға шешім қабылдаған. Зейнетке шығатын жастағы адамдар аз қаражат салып, қандай кәсіппен айналысады?

Сауалдарына жауапты «Бизнес-Кеңесші» оқыту курсынан алды. Бизнес бастаудың негіздері бойынша білім алған Жібек Ердәулетова зор сеніммен өз кәсібін бастады. Оның айтуынша, бөдене өсіруді бұрыннан ойлап жүрген. Алайда, көптеген кәсіпкерлер секілді өзінің күшіне сенбеген, себебі, кәсіпкерлікте тәжірибесі болмаған.

«Жан рахатының бизнесі» – Жібек Ердәулетова кішкентай балапандарын осылай айтады. Оның айтуынша бөдене жұмыртқасы – «денсаулық амплуасы», кішкентайлығына қарамастан, құрамындағы пайдалы элементтер үй құстарын басып озады, қарсы көрсетілімдері жоқ. Бүгінде оның шаруашылығында екі жүзден астам бөдене бар. Кәсіпкер бұл көрсеткішті екі мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасындағы бизнес-тренер Ақмарал Сайтқұлованың айтуынша, кәсіпкердің пайдалы өнім шығаруға деген ниеті басты ынталандырушы күш болған. Көп жағдайда неден бастарын білмеген. «Бизнес-Кеңесші» оқыту курсынан өткенен кейін, жаңа идеялар туып, түрлі мүмкіндіктердің бар екеніне көз жеткізген. Қазіргі таңда бөдене шаруашылығымен айналысып отыр. Оның үстіне бұл бизнестің шығыны аз, пайдасы көп. Кәсіпкер күнделікті жұмыс барысында Өңірлік палатамен байланысып отыр. Мұнда оған тиісті кеңес беріліп, әрбір қадамын ойластыруға жәрдемдеседі.

Ақмарал Сайтқұлова атап өткендей, «Бизнес-Кеңесші» жобасы – бұл кәсіпкерлікпен айналысатын және кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан азаматтар үші қысқа мерзімді оқыту курсы. Экспресс-курста тыңдаушыларға кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту пакеті ұсынылады: стандартты құжаттар пакеті, үлгілік бизнес-жоспар, техникалық-экономикалық негіздеме, сала бойынша маркетингтік зерттеу еесбі, кәсіпкерлікті жүргізудің психологиясы, сондай-ақ шағын бизнес үшін идеялар.


Кәсіпкер Палата қолдауымен өз кәсібін жандандырды

 Шағын кәсіпкерлікте іскер әйелдердің үлесі үлкен екені баршаға мәлім. ӨКП Баянауыл аудандық филиалы басшысы Самат Мақажановтың айтуынша өңірде әйелдер кәсіпкерлігіне ден қойылған.

Заманға сай әрекет етуді Жаңажол ауданының тұрғыны Назым Баязитова қолға алған. Іскер әйел мектеп асханасына ыстық тамақ жеткізіп, ауыл тұрғындарына ауыл аумағын тазалау жұмыстары қызметін атқарып отыр.

 Бастапқыда кәсіпкер қызмет көрсетуде өз қаржысы мен күшіне сенген. Уақыт өте келе ол қаржылық мұқтаждықпен кеңес алу үшін аудандық палата мамандарына жүгінеді.

Палатада кәсіпікерлікті кезең-кезеңмен дамыту бойынша есептеуге көмектесіп, бизнес-идеяны іске асыру құралдарын анықтап берді. Кеңес берушілер Назым Баязитоваға ауыл шаруашылық техникасы мен қосымша құрал-жабдықтарды лизингке алуды ұйымдастырып, оған қажетті құжаттар топтамасын әзірлеп, негізгі кепілзат болмағандықтан, сарапшылар қосымша кепілзат қою жолдарын көрсетті.  

Осы арқылы назым Баязитова МТЗ-80 тракторын алып, қазіргі таңда аула тазалау бойынша мемлекеттік сатып алулар  бойынша тендерлерге сенімді қатысып жүр.  

Палата филиалы мамандарының айтуынша  кәсіпкерлікті бастағысы келетін ауылдағы әйелдер мемлекеттік қолдау бағдарламалар туралы біле бермейді. Сондай-ақ, олардың бизнесті жүргізу, кәсіпкерлік негіздері бойынша білімдері жоқ. Осы бағытта палата жұмыс атқарып келеді.

Самат Мақажановтың мәліметінше Баянауыл ауданында 1400 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар, олардың ішінде 441 кәсіпкерлік әйелдерге тиесілі. Өңірлік палата әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға күш салмақ. Ал қаржылық қолдау алған «ИП Баязитова» Жеке кәсіпкерлігі келешекке сеніммен қарайды. 


Ауылда супермаркет ашуға бола ма?

Ауылда бизнесті жандандыруда, табыстылығын арттырып, ауылдастар үшін тиімді бағаны сақтап қалуда қандай шаралар қолдану керек – Успен ауданындағы Чапайкиндер отбасын осындай сауалдар мазалады. Ауылдағы кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы ­– 2020» бағдарламасы көммекке келді. Оның арқасында «Оазис» дүкенін кеңейтуге мүмкіндік туды.

Татьяна Чапайкинаның айтуынша, шағын дүкен ауданы 180 шаршы метр болатын супермаркетке айналған. Дүкендегі жағымды өзгеріс сатып алушылардың көңілінен шыққан. Мұнда азық-түліктің де, өндірістік тауардың да сұрыпталымы сан алуан. Супермаркетте жергілікті тұрғындар жұмыс істейді.

Дегенмен, жобаны жүзеге асыру барысында кәсіпкерлердің жолында туындаған біршама кедергілерді жоюға Кәсіпкерлер палатасының Успен аудандық бөлімшесі көмектескен. Палата бөлімшесі қажетті құжаттарды жинауға, бизнес-жоспар дайындауға көмектескен. Берілген 4 млн теңге қаражатты кәсіпкерлер дүкенге қажетті жабдықтар мен тауар сұрыпталымын арттыруға жұмсаған.

Палата бөлімшесінің кеңес берушілері Чапайкин жеке кәсіпкерлігі аудан бойынша алғаш болып екінші деңгейлі банктен несие алған. Әдетте ауылдық жерлерде мұндай нысандарға несие бөлінбей келген. Жобаға Кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсеткеннен кейін мақұлданған. Бүгінде іскер Чапайкиндер дүкенге заманауи видео-бақылау жүйесін орнатуды, қосымша жабдықтар алуды, сұранысқа қарай тауар түрін де арттыруды жоспарлап отыр.

Чапайкиндердің айтуынша, кәсіпкерлерге көрсетіліп отырған қолдау, қолжетімді баға, сапалы өнім мен ақ жарқын қызметкерлер – бизнестің табысты болуының басты негізі.


Отбасылық бизнес өндірісі ұлғайды

Палата көмегімен ауыл кәсіпкері «Сарыарқа» өңірлік бағдарламасы аясында бизнесін ұлғайтты

  «Армансыз адам қанатсыз құспен тең», – дейді Тереңкөл ауылының тұрғыны Ғалия Молдагелдинова. «Мақсатқа жету жолында түрлі кедергілер мен қиындықтар болады, тіпті қолыңыздан ештеңе келмесе де артқа шегінбеңіз. Оның үстіне кәсіп ашуда нақты қолдауды Кәсіпкерлер палатасы таарапынан алуға болады», – деп атап өтті іскер әйел.

 Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Қашыр аудандық филиалының қолдауымен Молдагелдиновтар отбасы «Сарыарқа» өңірлік бағдарламасы аясында қаржыландыруға қол жеткізген. Берілген қаржыға кәсіпкерлер отбасы өндірісті үлкейтіп, наубайхананың құрал-жабдықтарын жаңартты. Наубайхана цехында жартылай дайын өнімдер мен нан-тоқаш өнімдері жасалады.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Қашыр аудандық филиалының директоры Мұсағит Омаровтың айтуынша, бизнес-идеясын жүзеге асыруда іскер әйел бірқатар қиындыққа тап болған. Оларды өткеру үшін Палата көмекке келіп,  жоспар нәтижелі басталды.

  «Біз витриналы тоңазытқыштар, үстелдер, орындықтарды және тоңазытқы  автокөлік сатып алдық. Осы көлік арқылы аудан ғана емес, облыс бойынша тапсырысты орындап, тұтынушыларға сапалы әрі балғын өнімді жеткізетін боламыз. Заманауи жабдық нан өнімдерін пісіру үдерісін анағұрлым тездетіп әрі сапасын арттырады, өндірістегі шығындар да азайды. Ендігі кезекте өндіріске қажетті гриль,  бауырсақ пісіруге арналған фритюр құралын сатып алмақпыз», – деді Ғалия Молдагелдинова.

Қазіргі таңда отбасылық кәсіпкерлікте жаңа цех салынып жатыр, цех құрылысының жобасы жан-жақты ойластырылған. Цехтың ашылуы өндірісті үлкейтуге, шығарылатын өнімнің түр-түрін шығаруға, жаңа жұмыс орнын ұсынуға кеңінен жол ашпақ. Айта кетелік, қазір цехта 3 нан пісіруші жұмыс істеп, тәтті тағамдар және балкүлшелерді дайындап, тұрғындарды қуантып жүр.  Өндіріс үдерісінде  тұтынушылардың барлық талғам-тілектері ескеріліп келеді.  Мәселен, бәліштерді Ғалия Сләмқызы өзі дайындайды, әрі қайырымдылық шараларға белсенді қатысады. Өндірісте әр мереке кезінде ауыл тұрғындарына арнап тегін тәттілер пісіру сынды жақсы дәстүр қалыптасқан. 

 

Павлодарда Ертіс өңірінің іскер әйелдері тәжірибе алмасты

Павлодардағы кәсіпкер келіншектер тәжірибе алмасып, әйелдер бизнесін қолдау құралдары жайлы ақпаратпен бөлісті. Бастамашыл, озық ойлы іскер ханымдар Кәсіпкерлер палатасының алаңында бас қосты

Іскерлік ортада әйелдердің белсенді болуы – негізгі құрамдас деп есептейді Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Райхангүл Сатабаева. Сондықтан, Палата атқарып отырған іс-шараның барлығы әйелдер бизнесін қолдауға бағытталған. Айталық, 2016 жылы 381 іскер әйел бизнестің негіздерін оқып, біліктіліктерін арттырса, 728 кәсіпкер әйелге сервистік қызмет көрсетілді.

Сонымен қатар, іскер келіншектер мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен экономиканың түрлі сегментінде бизнестерін дамытып, жұмыс орындарын  ашқанын атап өту керек. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 52,5 млн теңгеге 18 жоба іске қосылып, 19 жұмыс орны ашылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 191 млн теңгеге 68 жоба мақұлданып, 69 жұмыс орны пайда болды.

Агроөнеркәсіп кешені де назардан тыс қалған жоқ, 7 кәсіпкер әйелге 90 млн теңге жеңілдетілген несие берілді, 29 жұмыс орны ашылды.

Бұл іскер ханымдардың кәсіпкерлік белсенділігі әйелдердің іскерлігі артып отырғанын, бұл қарқын баяуламайтынын көрсетеді. Дегенмен, кәсіп жүргізуде сан сауалдар туындап, Палатаның қолдауы мен қорғауына қажет жандар да бар. Былтыр 19 кәсіпкер әйелдің 132 млн теңгеге мүліктің құқығы қорғалды.

Райхангүл Сатабаеваның айтуынша, ауылдағы іскер әйелдерге екінші деңгейлі банктер мен даму институттарының бизнесті қолдайтын құралдары жайлы ақпарат жетіспейді. Қаладағы іскер әйелдерге қолдау құралдары қол жеткізу оңай екені ешкімге жасырын емес. Ал ауылдағы келіншектер үшін бұл қолдау қиынға соғады.

Осы мақсатта спикерлер әйелдер бизнесін қолдау құралдарын таныстырды. Мысалы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, «Даму» қоры, Халық банкі мен РБК банкі, «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компания» АҚ-ның өкілдері таныстырған ақпараттың пайдасы зор.

Жас кәсіпкер Румия Хамидуллина «Жеткізу сканері» жобасын таныстырды. Бұл жоба мемлекеттік сатып алулар саласына қатысатын кәсіпкерлер үшін пайдалы, себебі осы саладағы жұмыстары айтарлықтай жеңілдетеді.

Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің басқосу қорытындысын шығарған Райхангүл Сатабаева павлодарлық іскер әйелдер өздерінің бизнес жүргізудегі қабілетін, кәсіпкерлік белсенділігі мен табыстылығын бірнеше мәрте дәлелдеген. Оларда бірегей идеялар мен батыл шешімдер бар, ал Іскер әйелдер кеңесі алға қойған мақсаттарына жетуге әрдайым көмектеседі.


Бизнес–Кеңесші: мүмкіндікті анықтап, жеке кәсіп бастауға сеп

«Бизнес–Кеңесші» жобасы арқылы жас ана ұлттық тағам дайындайтын кафе ашты

Өз ісін енді бастаған Махаббат Омарова Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауын пайдаланып, жеке кәсібін бастады.

Махаббаттың тамақ пісіруге деген ынтасы бала кезден-ақ басталған, бойжеткен шағында тамақ дайындаудың түрлі тәсілдерін жинақтап, әрбір тағам түріне өз ерекшелігін ойлап тапқанды жаны сүйетін.

Отбасын құрғаннан кейін де аспаздыққа деген қызығушылығы бәсеңдемеді. Тапсырыс қабылдап, түрлі балкүлшелерді пісіріп, шеберлігін шыңдай түсті. Бір дәмін татқан адам оның тұрақты клиентіне айналып, шағын бизнесінің дамуына үлес қосып жатты.

Жақындарының ақылына құлақ асқан Махаббат Омарова сүйікті ісін бизнеске айналдыру үшін Кәсіпкерлер палатасына жүгінген. Палатада «Бизнес-Кеңесші» курсын тәмамдаған Махаббат Омарова кәсіпкерлік шеберлігін игерді.

«Оқу барысында көптеген қызықты мәліметтерді алдым. Шынымды айтсам, осыншалықты танымды болады деп күтпедім. Бизнес-тренер ынталандырғанда, ойың түбегейлі өзгереді. Мұнда болашаққа сеніммен қарауға, бұрын байқамаған мүмкіндіктерді көруге үйретеді. Әрбір тыңдаушының әлеуетін арттырады», ­– деді әсерімен бөліскен Махаббат Омарова.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Қуаныш Досмағұловтың айтуынша, әлеуетті кәсіпкерлер арасында «Бизнес-Кеңесші» курсына деген сұраныс жоғары, себебі ол жеткіліксіз білімнің орнын толтырып, бизнесті қалай жүргізу керектігін үйретіп, маркетинг негіздерін оқытып, адам ресурстарын басқару, заң тетіктерін білуге машықтайды.

«Соңғы уақытта тыңдаушылардың санаты өзгерді. Бұрындары өзіне сенімсіз, немен айналысатынын білмейтін адамдар келсе, қазіргі таңда көпшілігі нақты шешім қабылдап, зор сеніммен келеді және сол бағытта бизнесті дамытуды қалайды», – дейді Қуаныш Досмағұлов.

Бүгінде жас кәсіпкер Махаббат Омарованың кафесінде қазақтың ұлттық тағамы еттің 10 түрі, қуырдақтың 5 түрі ұсынылып отыр. Мұнымен қоса еуропалық ас мәзірі де бар. Ұлттық сусыннан қымыз, шұбат және басқалары беріледі. Сондай-ақ 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер бұл жетістікпен тоқтап қалғысы келмейді. Кәсіпкер бизнесін кеңейткісі келсе, Палата тарапынан барлық қолдау көрсетіледі.

«Өзімнің көңілімнен шығатын істі шынайы кәсіпке айналдырғаныма қуаныштымын. Кәсіпкерлер палатасына көрсеткен қолдауы үшін зор алғысымды білдіремін. Кәсіпкер үшін ең маңыздысы да осы», - дейді Махаббат Омарова.


 

Еншілес ұйымдар

Серіктестер