«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Бизнес–Кеңесші» түлегі жылқы шаруашылығын қолға алды

2018 жылғы 24 Шілде
- Павлодар облысы
8557 просмотров

Железин ауданы Октябрь ауылының тұрғыны Марат Оңбаев отбасымен аудан орталығына көшіп келгеніне 2 жылға жуықтаған. Өмір сүруге қолайлы әрі облыс орталығына жақын болғанымен, мал шаруашылығына деген ынта, әсіресе жылқыға құштарлығы тыным бермеген.

Жылқы шаруашылығымен айналысуды қалағанымен, жеке кәсіпті бастауға қаражаты болмаған. Алайда басылым бетінен Кәсіпкерлер палатасы көрсететін қызмет туралы ақпаратты көз шалған Марат Оңбаев  бірден кеңес алуға шешім қабылдаған.

«2017 жылы Кәсіпкерлер палатасының Железин ауданындағы филиалына жүгіндім. Несие алу туралы кеңес берді, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша қаражат алуға шешім қабылдадым», – дейді Марат Оңбаев.

Қаржы және кәсіпкерлік сауаттылығына қатысты базалық білімді «Бизнес-Кеңесші» курсы арқылы алған. Сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасы Железин ауданындағы филиалының қолдауымен  4 млн теңге несие алған. Кеңесші менеджерлер бизнес-жоспар құруға, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге көмектескен. Несие қаражатына Марат Оңбаев 11 бас бие сатып алып, Октябрь ауылына қайта көшіп барған.

Қырықтың қырқасындағы азамат жұбайымен бірге 2 ұл тәрбиелеп отыр. Биыл кәсібінің алғашқы жетістігін де көрді. Жылқылары құлындады.

«Кәсіпкер бие басын көбейтуді қалайды, жақын арада аудан тұрғындарын қымызбен және етпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр», - дейді Кәсіпкерлер палатасы Железин ауданындық филиалының директоры Талғат Қожамжаров.

Кәсіпкердің айтуынша Палатаның қолдауынсыз тәуекелге барып, осындай бизнесті қолға алмас еді. Себебі бұрын-соңды кәсіпкерлікпен айналысып көрмеген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер