«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Атамекен» ҰКП жанындағы Энергетика комитеті 2018 жылдың міндеттерін анықтады

2018 жылғы 12 Ақпан
9145 просмотров

Ұлттық палатада «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы Энергетика комитетінің отырысы өтті. Жиынға қатысушылар 2017 жылдың есебін тыңдады. «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов өткен жыл экология саласына арналғанын атап өтті.

«Мұнай-газ, тау-кен металлургия кешені, құрылыс комитеттерінің отырыстарында да 2018 жылға арналған жоспарды талқылау барысында экология мәселесіне ерекше назар аударылды. Ұқсас мәселелер бойынша осы комитеттермен бірге жұмыс істеуді ұсынамын», – деп ұсыныс білдірді Елдос Рамазанов.

«Қазақстан электр энергиясы қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Шаймерден Оразалинов қоршаған орта туралы заң мен экологиялық кодекс арасындағы айырмашылықты түсіну қажет екенін атап өтті. Кодекске айтарлықтай өзгертулер мен толықтырулар енгізу керектігін де айтты.

Қатысушылар барлық ұсынысты қолдады. Одан кейін 2018 жылға арналған жұмыс жоспарын талқылады.  Жаңғырмалы энергия саласының сарапшысы Диас Байсейітов жоспардағы жаңғырмалы энергия мәселесіне назар аударды.

«Бүгінде жаңғырмалы энергия дегенде күн мен желден алынатын энергияны өндіру қуаты ғана есепке алынады. Дегенмен жаңғырмалы энергия туралы заңда жылу энергиясы деген тұжырым бар. Тұтынушы ретінде жылу тарифы электр энергиясына қарағанда әлдеқайда тез өседі. Сондықтан 30-50%  деген мақсатты көрсеткішке жету үшін жылу энергиясын да ескерген жөн», – деп нақтылады Диас Байсейітов.

Күн тәртібіндегі екінші мәселеде Ұлттық палатаның Атқарушы хатшысы Қуаныш Балтабаев Қазақстан Республикасының Экология заңнамасын реформалауда электр энергиясы саласының маңызды мәселелеріне тоқталды.

Нақты мәселелерден кейін басқосу қорытындыланды.

«Атқарылған жұмыс үшін алғыс білдіремін. Отырыс қорытындысы бойынша хаттама толтырылып, Комитеттің барлық мүшесіне жолданады», – деп тұжырымдады Елдос Рамазанов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер